Мәжіліс депутаттары МӘМС жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізді
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға 6 ай бойы жарна төлемеген азаматтар да дәрігерге қарала алады. Мәжіліс депутаттары МӘМС жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мәжілісмендер МӘМС жүйесіне қатысты талаптарды күшейтті. Енді халық күрделі операцияларды жасату үшін мемлекеттік аурухананың табалдырығын тоздырып, айлап кезек күтпей-ақ, жекеменшік медициналық ұйымдарға жүгіне алады. Арнайы сертификаты бар клиникалар МӘМС арқылы операция жасауға міндеттелмек.
«Сіз бардыңыз, қандай да бір операция жасау керек. Мемлекеттік медициналық мекемеге ұзын-сонар кезек. Проблема жоқ, жекеменшік емханада МӘМС-тегі қаражатыңыз арқылы ота жасатасыз.Бұл – өте маңызды норма», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев.
Тағы бір жаңашылдық, енді науқасқа ем-дом жасамай-ақ, МӘМС-тегі ақшасын үн-түнсіз алып қоятын емханалар қаражатты қайтаруға міндеттелмек. Депутаттар «медициналық ұйымдардың қаржылық жағдайы, қанша қызмет көрсеткені халыққа ашық көрсетілуі керек» дейді. Бұдан былай, кез келген емдеу мекемесі әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының талабы бойынша барлық қаржылық құжатты уәкілетті органның интернет-порталында жариялауы тиіс. Денсаулық сақтау ұйымдарына мемлекеттік тексеріс жүргізіледі. Сондай-ақ құзырлы органдар дәрігерлердің қателігінен науқастың өміріне қауіп төнгені немесе көз жұмғаны туралы бұқаралық ақпарат құралдарында дәлелмен шыққан материалдарға сүйене отырып та тексеріс жүргізе алады.
«Мемлекеттік бақылауды қайтардық. Осы уақытқа дейін медицина бизнес саласы ретінде тексеруге рқөсат жоұ еді. Ветеринарияға ит, мысықты емдеген кезде ол дұрыс емдемесе, мемлекет тексеруге болады. Ал адамға зиян тисе, онда тексеруге болмайды», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов.
Заңға сай, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының да қызметі тексерілетін болды. Халықтан түскен қаржының қайда кетіп жатқаны қоғамға ашық айтылуы керек.
«Қорда үлкен миллиардтаған, триллиондаған ақша жиналады. Қорды министрлік те тексере алмайды. Қорды құқық қорғау органдары да тексере алмайды. Қордың құжаттамаларын халық та ала алмайды. Соның кесірінен қор өзімен өзі патша болып жүре беретін», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек.
Бұған дейін депутат Нартай Сәрсенғалиев «әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударылатын 2 пайыз жарнаның 1 пайызын арнайы есепшотқа аударуды ұсынып, халық бұл соманы тіс дәрігері, косметолог сияқты мамандардың қызметіне жүгінгенде жарату керек» деген еді. Алайда мәжілісменнің бұл ұсынысы заң жобасына кірмей қалған.
«Бұл ұсынысымыз жұмыс тобында талқыланды. Негізінен қолдау тапты. Бүгін кеткен екінші оқылымның ішінде бұл норма болмады. Себебі жұмыс тобы Үкіметке қорытындыға жіберген. Қорытынды уақытылы келмеді. Денсаулық сақтау министрлігі өзгерісті күзде қайта енгіземіз деген уәдесін берді», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев.
МӘМС жүйесіне өзгеріс енгізу үшін мәжілісмендер 19 рет жұмыс тобы мен комитет отырысын өткізген. Жалпы саны 200-ге тарта түзету қаралып, тек 57 ұсыныс қабылданған. Бүгін екінші оқылымда заң жобасын 76 депутат жақтаса, үшеуі қалыс қалыпты. Ал 9 мәжілісмен тіпті қарсы шықты.
Айта кетейік, аталған құжат Сенаттың қарауына жолданды.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана
Оқи отырыңыз: Орталық Азияда ковид қайта өршіді: елдегі жағдай қалай