Мәслихат депутаттары сайлаушылар алдында есеп беруге міндеттелуі мүмкін

22.04.2026 18:36

Депутат Асхат Аймағамбетов білім бюджетін облыстан аудандарға қайтаруға ашық қарсы шықты

Мәслихат депутаттары сайлаушылар алдында есеп беруге міндеттелуі мүмкін. Бұл жаңашылдық тек «бірмандатты» депутаттарға қатысты болмақ. Ал, партиялық тізім арқылы өткендердің халыққа қашан, қалай есеп беретінін әр партия өзі шешеді. Сондай-ақ, бұдан былай олардың іс-сапар шығындары өтелуі ықтимал, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қошановтан араша сұрап, ортаға Айдос Сарым түспегенде, депутаттардың пікірталасы қаншаға созыларын кім білсін?! Даудың басы Нартай Сәрсенғалиевтің Экономика вице-министрінен: «Білім саласының бюджетін облыстан аудан деңгейіне түсіру туралы шешімді жаңа оқу жылына дейін іске асырып үлгересіздер ме?» деген сауалынан басталды. Халық қалаулысы салаға бөлінетін қаражаттың облыста қалып, ауданға түспеуі салдарынан ауыл мен аудан әкімдері мектептер мен білім нысандарының мәселесін уақытылы шеше алмай отырғанын айтты. Бауыржан Омарбеков бұл ұсынысты Үкімет қолдағанын, жаңа оқу жылында күшіне енуі мүмкін екенін айтты.

«Үкімет тарапынан түзетуге қолдау білдірді. Яғни облыстық деңгейден аудандық деңгейге білім саласының шығындарын қайтару, оның ішінде облыста тек балалардың жаздық демалысына қажетті шығындарды және де ыстық тамақпен қамтамасыз ету шығындарын сақтап қалады», – деді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков

Депутат Асхат Аймағамбетов білім бюджетін облыстан аудандарға қайтаруға ашық қарсы шықты. Ол өзі министр болып тұрғанда жасалған реформаны қайта бұзудың салдары қандай болатынын жіпке тізіп берді. Сөзінше, ескі жүйеде мектептерге көңіл көбіне ең соңғы кезекте бөлінген.

«Мектептерді облыс деңгейге өткізгенде біз не көрдік? Біріншіден, еліміздегі мектептердің жартысына жуығында заңды құжаттары болмады. Техпаспорттары болмады. Жер актісі болған жоқ. Олардың жерлері тіпті жеке меншікке кетіп қалған фактілер өте көп. Балалар заң жүзінде жоқ ғимараттарда оқып келді. 30 жыл аудандық басқару кезінде де дәл осылай болды.Екінші, бюджеттің 95 пайызы тек жалақы мен коммуналдық төлемдерге кететін. Дамуға – нөл деуге болады», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.

Аймағамбетовтің айтқандарын тыңдаған әріптесі Мұрат Әбенов оның «Мектептер аудан әкімдіктеріне бағынған 30 жылда мұғалімдер «массовкаға» айналды. Енді дәл сол жүйеге қайту, дұрыс емес шешім» деген сөзіне шүйлікті. «Білім саласында Аймағамбетовтен кем жұмыс істедім» дегенді алға тартқан депутат 2021 жылғы реформа сапалы өтті деп айта алмайтынын айтты. Саладағы жемқорлыққа тоқталды. Соңында «мұғалімдерді мемлекеттің шараларына қатыстыруға болмайды» дегенге қарсы шықты.

«Мұғалімдер қай кезде болса да мемлекетшіл адам болды. Неге олар «Таза Қазақстанға» қатыспауы керек? Неге референдумға қатыспауы керек? Неге мемлекеттік әртүрлі шараларға қатыспауы керек? «Бізге тимеңдер, депутаттар айтып жатыр. Бізді қоспаңдар» дейтін болған», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов

Қос депутаттың қызылкеңірдек болып талқылаған тақырыбы «жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға енгізілетін өзгерістер еді. Аталған құжатта мәслихаттардың рөлі күшейіп, депутаттардың жауапкершілігі артатыны да жазылған. Енді олардың жұмыс отырысы дәл Сенат пен Мәжілістің отырысы сияқты тікелей эфирде көрсетілетін болады.  Ал Бақытжан Базарбек болса мәслихат депутаттарының коммерциялық мүддесі бар жобалар бойынша дауыс беруіне шектеу енгізуді ұсынып отыр.

«Мәслихат депутаттары тұрақты негізде жұмыс істемейтінін білесіздер. Олардың көпшілігі кәсіпкерлікпен айналысады. Мұндай жағдайда мүдделер қақтығысы туындауы мүмкін. Мысалы, ірі жоба жүзеге асырылып жатыр делік. Ал мердігер – депутатқа қатысы бар компания. Соған қарамастан, депутат жобаны қаржыландыру мәселесі бойынша дауыс беруге қатысады. Мен заң жобасы аясында депутаттарға өздері тікелей қатысы бар жобалар бойынша дауыс беруге тыйым салуды ұсынамын», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек

Қызу талқы, ашық пікір, түрлі ұсыныс. Бүгінгі Мәжілістің жалпы жиыны осылай өтті. Екі сағатқа созылған талқылаудан кейін құжат бірінші оқылымда мақұлданды. Отырысқа қатысқан 84 депутаттың біреуі заң жобасына қарсы дауыс берді. Қалғаны бірауыздан қолдады. Алда екінші оқылым бар. 

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген,

Оқи отырыңыз: Қызылорда облысында мекеме басшысы мен есепшісі 36 млн теңге жымқырған