Жауаптылардың сөзінше, қаражаттың 84,8 млрд теңгесі әлеуметтік саланы дамытуға, білім беру мен денсаулық сақтау нысандарын жаңғыртуға бағытталмақ
Алматыда ұзындығы 18,3 шақырым болатын LRT жобасының бірінші кезеңі 2027 жылдың желтоқсанында аяқталады. Бұл туралы қалалық мәслихат отырысында айтылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жиында әуелі шаһар бюджеті талқыға түсті. Жауаптылардың сөзінше, қаражаттың 84,8 млрд теңгесі әлеуметтік саланы дамытуға, білім беру мен денсаулық сақтау нысандарын жаңғыртуға бағытталмақ. Қалада жаңа мектептер мен балабақшалар салу, сондай-ақ емханалар мен медициналық орталықтардың инфрақұрылымын дамыту көзделіп отыр. Сонымен қатар Алматы тау кластерінің инженерлік және туристік инфрақұрылымын дамытуға қомақты қаржы бөлінеді. Көлік жүйесін жетілдіру аясында LRT құрылысына және радиалды автожолдарды салуға қосымша қаражат қарастырылған. Бұдан бөлек, спорттық және қоғамдық кеңістіктерді дамытуға, оның ішінде гимнастика федерациясы орталығы мен көпфункционалды қоғамдық орталық құрылысына қаржы бағытталады.
«Қаланы дамыту бағдарламасын іске асыру аясында Алматы қаласының әкімдігі бірінші орынға шықты.. Бұл дегеніміз барлық алдымызға қойылған мақсат–міндеттердің барлығы орындалды. Әрине жұмыс жасалған жерде қателер де болады. Яғни игерілмеген сомалар бар. Медігер мекемелер жұмысты уақытында орындамаған», – деді қалалық мәслихат төрағасы Мейіржан Отыншиев.¤
Сондай-ақ сессия жұмысы аясында депутаттар Алматыда қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифін өзгертіп, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға жеңілдіктер енгізу туралы шешімді қолдады. Алматыда ауа сапасын бақылау жүйесі кеңейтілмек. Бүгінде мегаполисте 16 стационарлық бақылау бекеті жұмыс істейді. Алайда олар шаһардың барлық ауданын қамтып, ластану көзін жедел анықтауға қауқарсыз екен. Осы түйінді тарқату үшін 20 мобилді экологиялық станса сатып алу жоспарланыпты.
«Қазіргі уақытта кешенді шаралар жүргізіліп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, Алматы қаласында 248 ауаның ластануын анықтайтын үлкенді-кішілі датчиктер бар. Олардың ішінде 16 станса ғана «Қазгидрометке» тиесілі. Солардан ақпарат ала аламыз. Қалғаны 233 датчик жеке тұлғалар қойған. Ешқандай тексеруден өтпеген, ақпаратын пайдала алмаймыз», – деді Экология және қоршаған орта басқармасының басшысы Серік Әділбаев.
Оқи отырыңыз: Шомылу маусымы: судағы қауіпсіздік неге сақталмайды