Сондай-ақ дәрі-дәрмектің сапасы мен бағасына қатысты жайттар да ортаға салынды
Мәжілісте Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің жетекшілігімен аталған комитеттің отырысы өтті. Жиында депутаттар жұртшылықты дәрілік заттармен уақытылы әрі толық қамтамасыз ету мәселесін талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Асхат Аймағамбетов депутаттардың жұмысының арқасында жаңа Салық кодексінде бірқатар медициналық қызметтер мен дәрілік заттар қосылған құн салығынан босатылғанын атап өтті. Алайда тағы бірқатар әлеуметтік маңызды мәселе шешілмеген күйінде қалып отыр.
Жиында мәжілісмендер дәрі-дәрмектердің азаматтар үшін қолжетімді болуының маңыздылығына тоқталды. Олардың айтуынша, соңғы уақытта дәріханаларда бірқатар қажетті дәрі-дәрмектің жоқтығы және бюджет қаражаты есебінен берілетін дәрі-дәрмектерді берудің кешігуі туралы шағымдар жиілеп кеткен.
Сондай-ақ дәрі-дәрмектің сапасы мен бағасына қатысты жайттар да ортаға салынды.
Өз кезегінде Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов дәрімен қамтамасыз ету медицина саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі екеніне, тұрғындарды дәрілік заттармен қамтамасыз ету жұмыстарына тоқталды.
Отырыс қорытындысы бойынша Асхат Аймағамбетов депутаттар қазақстандық нарықта дәрілік заттарды мемлекеттік тіркеуді оңтайландыруды және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі басқа да өзекті мәселелерді шешуді көздейтін заңнамалық түзетулер әзірленіп жатқанын айтты. Ол осы жиында көтерілген мәселелер депутаттардың ерекше бақылауында болатынын атап өтті.
Оқи отырыңыз: Жұмыс істемейтін әкелердің декреттік демалысы зейнетақы тағайындау кезінде есепке алынады