Елде 76 лицензияланған майнер мен 5 аккредиттелген майнинг-пул жұмыс істейді
Қазақстанда майнинг саласынан бюджетке түсетін салық көлемі екі еседен астам өсті. Егер 2023 жылы мемлекет қазынасына 9 миллиард теңге түссе, былтыр бұл көрсеткіш 22,4 миллиард теңгеге жеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгінде елде 76 лицензияланған майнер мен 5 аккредиттелген майнинг-пул жұмыс істейді. Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен өткен жиында Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов саланың көрсеткішін баяндады. Оның айтуынша, былтыр майнерлер шамамен 3600 биткоин өндірген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 4 есе көп.
«Ең бастысы – майнинг-пулдар өндірілген цифрлық активтер туралы ақпаратты тұрақты түрде ұсынады. Соның нәтижесінде мемлекетте саланың нақты көлемін және одан әрі даму көрсеткіштерін жүйелі түрде бақылауға мүмкіндік пайда болды», – деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов.
Сондай-ақ еліміздегі цифрлық активтер нарығы біртіндеп лицензияланатын қызметке көшуде. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастайтын лицензиясы бар 3 оператор жұмыс істейді. Олардың айналымы 2 айда 2 миллиард теңгеге жуықтаған. Тағы 5 компания бұл бағытта лицензия алуға үміткер.
«Криптофиаттық сервистер кеңейіп келеді. Операцияларға қызмет көрсетуге банктік емес төлем провайдерлері қосылуда. Криптокарталар, крипто-QR және криптоэквайринг жұмыс істеуде. Осылайша, қысқа мерзімде ауқымды жұмыс атқарылып, нарықтың толыққанды инфрақұрылымы қалыптастырылды», – деді ҚР Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.
Баяндама барысында Ұлттық банк жанынан Цифрлық активтер және төлем жүйелері комитеті құрылатыны, сондай-ақ криптоәмияндар мен транзакцияларды бақылайтын орталық ашылатыны айтылды.
Жиын қорытындысында Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан тек цифрлық активтер айналымы жүретін ел емес, осы салаға арналған өз өнімдерін әзірлейтін және білікті мамандар даярлайтын мемлекетке айналуы тиіс екенін атап өтті. Жауапты ведомстволарға цифрлық теңгенің қолдану аясын кеңейтуді және нақты активтерді токенизациялау арқылы инвестиция тартуды тапсырды.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан
Оқи отырыңыз: Атырау тұрғындары екі жылдан бері инфрақұрылымсыз отыр