Оңтүстікте мектеп құжаттарда тойхана, супермаркет ретінде көрсетілген

17.11.2025 20:42

Тексеру бойынша, 745 мекеменің 155-і алған табысын мүлде көрсетпеген

Almaty.tv

Мақтааралдағы мектеп құжаттарда тойхана, ал Шымкенттегі білім ордасы супермаркет ретінде көрсетілген. Үкіметтегі кеңесте сондай-ақ білім беру саласындағы өзге де заңбұзушылықтар ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тексеру бойынша, 745 мекеменің 155-і алған табысын мүлде көрсетпеген. Сонымен бірге цифрландырылған 427 мектептің шамамен 30 пайызы өз қызметінің нақты мақсатына сай жұмыс істемейтіні анықталды. Бұған дейін жекеменшік мектептерге берілетін бюджеттік қаржыны бақылауды күшейту мақсатында «Қаржы орталығы» Оқу-ағарту министрлігінен бөлініп, Қаржы ведомствосының қарамағына өткен болатын.

Ал қараша айында e-Qazyna.kz порталында OrtaBilim ақпараттық жүйесі іске қосылды. Бұл жүйе білім алушылардың нақты санын, рұқсат құжаттарын және өзге де мәліметтерді автоматты түрде салыстырып, деректердің дұрыстығын тексереді. Нәтижесінде, жүйе іске қосылған сәттен-ақ заң бұзған алғашқы мектептер анықталған.

Оқи отырыңыз: Әлімжеттілік: Талғар ауданында 9-сынып оқушысы қаза тапты