Махаббат Кабира: Жеке кәсіпкерлік дәуірі аяқталды, ЖИ – сіздің жаңа командаңыз

01.04.2026 09:42

Жасанды интеллект күнделікті операцияларды оңтайландыруға мүмкіндік береді

Фото: жеке мұрағаттан

Бүгінгі қарқынды өзгеріп жатқан бизнес ортада жасанды интеллект (AI) енді тек болашақтың технологиясы емес – ол шағын және орта бизнестің жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертіп жатқан нақты әрі қуатты құралға айналды. Қазақстанда ШОБ экономиканың тірегі екенін ескерсек, ЖИ  кәсіпкерлерге тиімділікті арттыруға, өсімді жеделдетуге және бәсекеге қабілеттілікті күшейтуге жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Осы тақырыпты тереңірек ашу үшін біз Қазақстандағы ШОБ дамуын қолдау саласында 15 жылдан астам тәжірибесі бар, General Management бойынша MBA дәрежесінің иегері және жақында Google AI Professional Certification бағдарламасын тәмамдаған Махаббат Кабирамен сұхбаттастық. Әңгіме барысында кәсіпкерлердің ЖИ-ді қалай тиімді пайдалана алатынын және олардың жалғыз емес екенін білдік.

ЖИ кәсіпкерлерді алмастырмайды, керісінше оларды күшейтеді

– Махаббат, сіз ЖИ-ге ШОБ дамыту тұрғысынан қалай келдіңіз?

– Соңғы 15 жыл бойы мен Қазақстандағы шағын және орта бизнес өкілдерімен тығыз жұмыс істеп келемін, олардың өсуіне қолдау көрсетіп, күнделікті операцияларды оңтайландыруға және үнемі өзгеріп отыратын нарық талаптарына бейімделуіне көмектестім.

Google AI Professional Certification бағдарламасы маған  жасанды интеллекттің бизнестегі практикалық мүмкіндіктерін тереңірек түсінуге жол ашты. Осы тәжірибе арқылы маңызды заңдылықты айқындап алдым: бұрын шағын бизнестің ең басты шектеуі – ресурс тапшылығы болатын. Енді  ЖИ  ойын ережесін өзгертеді. Бұдан былай  кәсіпкер бұрын тек толыққанды команда атқара алатын міндеттерді, яғни  маркетингті, аналитиканы, клиенттермен жұмыстың бәрін  өз бетінше тиімді жүзеге асыра алады. Сондықтан бүгінгі күні кәсіпкерді командасы жоқ, жалғыз деп айта алмаймыз. Өйткені оның жанында ЖИ бар.

– Қазақстандағы ШОБ арасында ЖИ қолдану деңгейін қалай бағалайсыз?

– Біз әлі бастапқы кезеңдеміз. Кейбір  ШОБ ЖИ-мен тәжірибе жасап жатыр, ал кейбірі мүлде қолданбайды Бірақ ең маңыздысы – бұл дүниеден олардың хабардар бола бастағаны. Кәсіпкерлер ЖИ-дің күрделі жүйе емес, күнделікті мәселелерді шешу құралы екенін түсіне бастады.

– Бұған әлі кедергілер бар ма?

– Үш негізгі кедергі бар: біріншіден, түсінбеушілік. Көптеген кәсіпкерлер ЖИ-ді күрделі немесе тек ірі компанияларға арналған деп ойлайды. Екіншіден, дағдылардың жетіспеуі. Құралдарды қалай тиімді қолдану керектігін білмейді. Үшіншіден, күрделілік. Қажеттілік бар екенін біледі, бірақ қолдан күрделендіріп жібереді.  

ШОБ-тың ең үлкен қателігі – бірден бәрін жасауға тырысу

– ШОБ ЖИ енгізуде қандай қателіктер жібереді?

– Ең үлкен қателіктердің бірі – күрделі шешімдерді тым ерте енгізуге ұмтылу. Көп жағдайда бизнес иелері бірден ауқымды автоматтандыруға, қымбат корпоративтік жүйелерге немесе күрделі платформаларға көшуді көздейді. Алайда шын мәнінде тиімді нәтиже қарапайым,  нақты пайда әкелетін шешімдерден басталады. Жасанды интеллектті енгізу – бір күнде жүзеге асатын трансформация емес. Бұл – кезең-кезеңімен, жүйелі түрде жүзеге асатын процесс. Дұрыс тәсіл – алдымен шағын қадамдардан бастап, біртіндеп ауқымды өзгерістерге көшу.

– Жылдам нәтиже үшін неден бастау керек?

ЖИ-ді қолдануда үш негізгі бағытты бөліп көрсетуге болады:

  • Маркетинг
  • Жасанды интеллект контент жазу, әлеуметтік желілерге пост дайындау және визуалды дизайн жасау сияқты процестерді айтарлықтай жеңілдетеді. Бұл құралдар бизнестің үлесін арттырып, тікелей табысқа әсер етеді.

  • Клиенттермен байланыс
  • WhatsApp немесе Telegram сияқты мессенджерлер арқылы қарапайым автоматтандыруды енгізуге болады. ЖИ клиенттерге жедел әрі сапалы жауап беруге, коммуникацияны жүйелеуге және жалпы клиент тәжірибесін жақсартуға көмектеседі. Бұл  клиентпен жұмысты әлдеқайда тиімді етеді, әрі  тұрақты болады.

  • Ішкі тиімділік
  • ЖИ күнделікті операцияларды оңтайландыруға мүмкіндік береді: құжаттарды дайындау, деректерді талдау және жұмыс процестерін ұйымдастыру сияқты міндеттерді жеңілдетеді. Бұл уақытты үнемдеуге және жалпы өнімділікті арттыруға бағытталған маңызды қадам деп есептеуге болады.

    «ЖИ қызметкерлер» концепциясы бөлек

    – «Кәсіпкерлер жалғыз дара жұмыс істемейді» дегенді қалай түсіндіресіз?

    – Мен белсенді түрде насихаттайтын  концепция бар. Ол ЖИ-ді құрал емес, виртуалды мамандар командасы ретінде қарастыру. Мәселен,  ЖИ – маркетинг менеджері, ЖИ – қаржы кеңесшісі, ЖИ – пиар көмекшісі әрі ЖИ – стратег. Мұның бәрін  ChatGPT, Gemini сияқты құралдар арқылы жұмыс істеуге болады.

    – Бұл күнделікті тәжірибеде қалай қолданылады?

    – Өте қарапайым. Google ЖИ курстарында үйретілгендей, сіз Gemini ашасыз. Сөйтіп  Қазақстандағы жоғары білікті маркетинг менеджерінің сипаттамасын сұрайсыз. Оны көшіріп, GEMS-ке енгізіп рөл бересіз, бизнесіңіз бен мақсаттарыңызды сипаттайсыз, демек, сізде дайын ЖИ маркетинг менеджері болады.

    Мұны  күнделікті жұмыста пайдалануға болады. Қол астыңызда 1-100 маманға дейін сіздің мақсатыңызға жетуге жұмыс істейді деген сөз. Бұл кәсіпкерлерге толық команда жалдамай-ақ жақсы шешім қабылдауға және стратегиялық мәселелерге көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді.

    Қазақстанда қарапайымдылық жеңеді

    – Қазақстандағы ШОБ үшін қандай құралдарды ұсынасыз?

    – ЖИ құралдарын таңдауда бірнеше негізгі критерийге назар аудару қажет: олар қолдануға жеңіл, қолжетімді және жергілікті бизнес тәжірибесіне сай болуға тиіс.Тәжірибе көрсеткендей, ең тиімді шешімдер – қарапайым әрі әмбебап құралдар. Мысалы, ChatGPT немесе Gemini сияқты платформалар ойлау, мәтін жазу және талдау процестерін жеңілдетеді. Ал Canva мен Gemini визуалды дизайн жасауға көмектеседі. Клиенттермен байланыс үшін WhatsApp пен Telegram мессенджерлері ыңғайлы болса, Zapier қарапайым автоматтандыруды жолға қоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, маңызды қағидалардың бірі – қолданыстағы жүйелерді толықтай ауыстыруға асықпау. Мысалы, 1С сияқты қалыптасқан жүйелерді сақтай отырып, ЖИ құралдарын солармен үйлестіре қолдану әлдеқайда тиімді нәтиже береді.

    – ЖИ тәуекелдері туралы не білу керек?

    – Бұл сұрақтың маңызы өте жоғары, себебі ЖИ-ді қолдану тек мүмкіндіктермен ғана емес, жауапкершілікпен де қатар жүреді. Ең алдымен, деректер құпиялылығына ерекше назар аудару қажет. Әсіресе қаржылық деректер, клиенттердің жеке ақпараттары және құпия құжаттар сияқты «сезімтал» мәліметтермен жұмыс істегенде сақтық маңызды. Мұндай деректерді ЖИ жүйелеріне жүктемеуге тырысқан жөн, ал қажет болған жағдайда оларды алдын ала анонимдеп қолдану ұсынылады. Сонымен қатар, этика және жауапкершілік мәселесі де маңызды орын алады. ЖИ шешім қабылдауды толықтай алмастырмауы керек, керісінше оны қолдайтын құрал ретінде пайдаланылуға тиіс. Кәсіпкерлер алынған нәтижелерді міндетті түрде тексеріп, соңғы шешім үшін жауапкершілікті өздеріне қалдыруы қажет. Бұдан бөлек, клиенттерге ұсынылатын ақпарат шынайы әрі дәл болуы керек. 

    ЖИ қолдануда жиі кездесетін маңызды мәселелердің бірі – «галлюцинациялар». Бұл жағдайда жасанды интеллект кейде қате ақпарат беруі, сенімді көрінгенімен шындыққа сай емес жауаптар ұсынуы немесе тіпті ойдан шығарылған деректер келтіруі мүмкін. Сондықтан мұндай тәуекелдерді ескеріп, дұрыс тәсіл қолдану өте маңызды. Ең алдымен, маңызды ақпаратты әрдайым тексеру қажет. ЖИ-ді  дайын шешім көзі емес, алғашқы нұсқа немесе бағыт-бағдар беретін құрал ретінде қабылдаған жөн. Әсіресе қаржылық және заңдық деректерге қатысты мәліметтерді міндетті түрде қайта тексеру керек. «Жылдамдық үшін ЖИ-ге  жүгін, бірақ шешім үшін өзіңе сен” дегенді жиі айтатыным да сондықтан.

    – Қарапайым жоспар қандай?

    – Күнделікті ЖИ  қолдану маңызды: жазу, талдау, жоспарлау. Екіншісі, маркетингті жақсарту: Canva + ЖИ контент. Үшіншісі, байланысты автоматтандыру: WhatsApp / Telegram

    – Болашақта не өзгереді?

    – Алдағы уақытта жасанды интеллекттің рөлі одан әрі күшейе түседі. Ол бизнес процестеріне тереңірек интеграцияланып, қолданушыға анағұрлым интуитивті әрі ыңғайлы бола бастайды. Сонымен қатар, нақты салаларға бейімделген мамандандырылған шешімдер көбейіп, қазақ тіліне бейімделу деңгейі де айтарлықтай жақсарады. Дегенмен, негізгі қағида өзгермейді: технологияны ерте қабылдап, бейімдей алған бизнес әрқашан бәсекеде алда болады.

    Қорытындылай келе, ең маңызды кеңес – күтіп отырмау. Үлкен өзгерістерді күтудің орнына, кішкентай қадамдардан бастаңыз. ЖИ-ді  бір реттік жоба ретінде емес, күнделікті жұмысыңыздың сенімді көмекшісі ретінде қабылдаңыз.

    Ең бастысы – өзіңізді жалғыз сезінбеу. Бүгінгі таңда ЖИ арқылы әрбір кәсіпкердің өз виртуалды командасы бар.

    Тобықтай түйін: жасанды интеллект шағын бизнесті жүргізу түсінігін түбегейлі өзгертіп жатыр. Махаббат Кабира атап өткендей, мәселе адамдарды алмастыру емес,  олардың мүмкіндіктерін арттыру.

    Қазақстандағы шағын және орта бизнес үшін таптырмас мүмкіндік: қарапайым қадамдардан басталады. ЖИ  – технология емес, серіктес деп қабылдасаңыз болғаны... 

    Оқи отырыңыз: 2026 жылдың сәуірінде қазақстандықтар қалай демалады