Мал дәрігерлерінің жалақысы 420 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін
Құрылтай ветеринария саласына қатысты заң жобасын қарады
Күні-түні төрт түліктің амандығын күзетіп жүрген мал дәрігерлерінің жалақысы 420 мың теңгеге дейін өседі. Құрылтай ветеринария саласына қатысты заң жобасын қарады. Құжатта мамандарға жәрдемақы төлеу, ғылыми дәрежесі үшін қосымша ақы беру және баспана мәселесін шешуге көмектесу туралы да жазылған,
Елімізде төрт түліктің саулығына жауапты мамандар тапшы, ал барының айлығы аз, жүктемесі көп. Депутат Серік Егізбаевтың есебінше, олардың орташа жалақысы шамамен 220 мың теңге. Салаға қатысты заң жобасын Құрылтайда таныстырған комитет төрағасы еңбекақыны кемінде 420 мың теңгеге дейін көтеру керек деп санайды. Бұдан бөлек, "демалысқа шыққан маманға екі айлық жалақы көлемінде сауықтыру жәрдемақысы төленіп, ғылыми дәрежесі бар мамандарға қосымша ақы берілуі керек" дейді.
«Ғылыми дәрежесі үшін қосымша ақылар: ғылым кандидатына – айлық есептік көрсеткіштің 17 еселенген мөлшерінде, ғылым докторына – негізгі жұмыс орны бойынша айлық есептік көрсеткіштің 34 еселенген мөлшерінде қосымша ақы төлеу көзделеді», – деді ҚР Құрылтай депутаты Серік Егізбаев.
Құжатта ауылда жұмыс істейтін мал дәрігерлеріне қосымша әлеуметтік қолдау көрсетілетіні жазылған. Атап айтқанда, жергілікті мәслихаттар олардың жалақысын қаладағы әріптестерінің еңбекақысынан кемінде 25 пайызға жоғары белгілей алады. Бұдан бөлек, баспана алуға көмек беріліп, көтерме жәрдемақы, үй жалдау және коммуналдық төлемдерге өтемақы берілуі бек мүмкін. Мамандар арнайы киіммен де қамтамасыз етілмек.
«Қазіргі таңда жазғы комплект мысалға 70-80 мың теңге болса, қыста киетін арнайы киімдер 200 мың теңгеден асып кетеді. Оның бәрін мамандар қалтасынан шығарып отыр. Шамамен 1,8 миллиард теңге оған ақша қарастырылып жатыр», – деді деді ҚР Құрылтай депутаты Серік Егізбаев.
Сондай-ақ мал соятын орындарға бақылау күшейеді. Көпшілік тамақтанатын жерлерге жеткізілетін ет арнайы белгіленген нысандарда дайындалуы тиіс. Осы тұста депутат Максим Рожин Ауыл шаруашылығы вице-министрінен «ауыл-аймақта мұндай орындар жеткілікті ме, олардың құрылысына қаржыны қайдан аласыздар» деп сұрады. Ермек Кенжеханұлының есебінше, ел бойынша 224 сою пункті қажет. Қазір оның 93-і іске асырылған. Қалған нысандарды алдағы екі жылда салу жоспарланып отыр.
«Қаржыландыру тетіктері де қарастырылған. Біріншіден, әрине жергілікті бюджет есебінен қаржыландыру мүмкіндіктері бар. Оны жергілікті әкімдіктермен жұмыс жасап жатырмыз. Екіншіден, жеке кәсіпкердің қаржыландыруы. Сонымен қатар жеңілдетілген кредиттер де қарастырылған», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.
Саладағы өзгерістер мұнымен шектелмейді. Енді жануарларды есепке алу мен олардың қозғалысын бақылау цифрлық жүйеге көшіріледі. Мамандардың кәсіби мүддесін қорғайтын палата құрылады. Сондай-ақ препараттардың сапасы мен мал базарларындағы ветеринариялық бақылау да күшейтіледі. Осы өзгерістердің барлығын іске асыруға жыл сайын бюджеттен шамамен 27 миллиард теңге бөлінеді.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астанадан
Оқи отырыңыз: Құрылтай Президенттің Жолдауда жариялаған бастамаларын қолдады