Мемлекет басшысының тапсырмасымен 41 млн көшет отырғызу жоспарланған
Түркістан облысындағы Созақ ауданында сексеуіл алқабы жыл сайын ұлғайып жатыр. Алайда оны күтіп, баптау және күзетуде кәсіби мамандар жеткіліксіз, деп хабарлайды Almaty.tv
Созақ ауданында 108 орманшы бар. Олардың әрқайсысы кем дегенде 46 мың гектардан 56 мың гектарға дейінгі жерді қорғайды. Бір күн ішінде бекітілген орынды бақылау үшін мекемеге 12 жылқы ғана берілген. Соған қарамастан табиғат жанашырлары күздің қара суығында қызмет етуде.
"Күзгі орман шаруашылығының егіс егетін уақыты жақындап қалды. Олар тұқымбаққа тұқым жинап жатыр. Табиғатты қорғап болашақ ұрпаққа қалдыру үшін қызмет жасап жатырмыз", – деді аға орманшы Лақбай Ибаділда
Созақ ауданының аумағы Түркістан облысының 35 пайызын алып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 41 млн көшет отырғызу жоспарланған. Өңірде ормандар мен тұқымбақтар пайда бола бастаған. Ал оны қысы-жазы қорғау – орманшылардың басты міндеті.
"Мекеме берілген жоспар бойынша жұмыс атқарылуда. Сондай-ақ сұғанақтықпен күрес, басқа да қызмет деңгейінде жүргізіліп жатыр. Жыл сайын өрт маусымы белгіленеді", – деді Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекеменің бас инженері Ғанижан Пентаев.
Орманның ортаймауы үшін тер төгіп жатқандар жыл сайынғы кәсіби мерекеде елеп-ескеретіндердің аз емесін айтады. Бірақ негізгі мәселе – марапатта емес, саладағы түйткілдің тарқауында. Сондықтан олар орман шаруашылығында қордаланған мәселе атқамінерлердің назарына ілінгенін қалайды.
Нұркен Әкімхан, Түркістан облысы
Оқи отырыңыз: Қызылорда облысындағы Абай елдімекені көгілдір отынға қосылды