Маман тапшылығын азайту: Түркістан мектептеріне жаңа буын ұстаздары келді

22.10.2025 14:23

ЖОО түлектері алғашқы жұмыс орындарына еш іріктеусіз қабылданып жатыр

Республика күні қарсаңында білім саласында да жаңа леп бар. Жас мамандарға мүмкіндік кеңейді, мектептерге жаңа буын ұстаздар келіп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Мәселен Түркістанда жоғары оқу орнын енді ғана тәмамдаған түлектер өздерінің алғашқы жұмыс орындарына ешқандай іріктеусіз қабылданып жатыр. Себебі мектептердегі маман тапшылығын азайту - маңызы зор мәселе. Ал алғашқы сабағын өткізіп жүрген жас мұғалімдердің қуанышында шек жоқ.

Несіп Мусиева — Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің үздік түлегі. Оқу бітірген соң, бірден жұмысқа кірісіпті. Өзі таңдаған «Келешек мектебі» оны жылы қабылдаған. Қазір жас маман биология пәнінен сабақ береді.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп бекер айтпаған. Осы жұмыс жолымды бастағанда тек осы ұстанымды ойладым. Негізі адамдармен жұмыс жасаудың өз қызығы көп, яғни әртүрлі баланы, олардың ата-аналарын көресің, ұжымың да үлкен, бәрі жылы қарсы алып тұрады», - дейді жас маман Несіп Мусиева.

Ал Шүкірулла Саддулаев - тарих пәнінің мұғалімі. Ол да жұмысқа ешқандай конкурссыз қабылданған. Оның айтуынша, тәжірибесі аз болса да, мектеп ұжымы көмегін аямайды.

«Тіл табысу қиын емес. Бізге қиын болып жатқаны – тәжірибенің жоқтығы. Бірақ қазір бізде бәрі реттелуде. Үлкен әріптестеріміз, мектеп әкімшілігі көмек көрсеткеннен кейін қазіргі таңда бәрі жақсы», - деді жас маман Шүкірулла Саддулаев.

Биыл мектепте оқушы саны артқандықтан, пән мұғалімдерінің тапшылығы байқалған. Сол себепті жаңа оқу жылында 19 педагог жұмысқа конкурссыз қабылданыпты.

«Біз №57 бұйрыққа сәйкес шынайы педагогика саласын таңдаған мамандарды алуға басымдық бердік. Әрине, әрбір толқынның өзіндік ізі болады. Білім беру саласына жаңа өзгерістердің, жаңа креативті ойлардың келетініне сеніміміз мол», - деді № 32 мектеп директоры Айгүл Абайқызы.

Бүгінде жастардың технологияны тез меңгеруі – олардың басты артықшылығы. Сондықтан білім ордаларында осындай жаңашыл мамандарға сұраныс та жоғары.

Айта кетейік, педагогикалық бағытта грантпен оқыған және оқуды үздік дипломмен бітірген түлектер жұмысқа конкурссыз қабылдана алады.

Нүркен Әкімхан, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысы

Оқи отырыңыз: Атыраулық оқушылар стартап жобаларымен ел экономикасына үлес қосып жүр