Облыс орталығының өзінде ерекше оқуды қажет ететін 7 мыңға жуық бала бар
Атырау облысында инклюзивті білім беретін маман тапшы. Бүгінде өңірдегі аталған салаға 100-ге жуық педагог жетіспейді. Облыс орталығының өзінде ерекше оқуды қажет ететін 7 мыңға жуық бала бар. Алайда кадр даярлау мәселесі үлкен проблемаға айналып отыр. Білім басқармасындағылар жастардың салаға қызығушылығы төмен екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көпбалалы ана Лаура Еспақованың екі ұлы ерекше білімді қажет етеді. Білікті мамандардың жетіспеушілігінен ол балаларын үйден оқытуға мәжбүр. Кейіпкеріміздің айтуынша, ерекше қажеттілігі бар баланы бағып-қағу және оқыту өте қиын, ал жеке кәсіби мамандарға жүгінуді отбасының қалтасы көтермейді.
«Бес баланың анасымын, оның ішінде екеуі ерекше бала. Үйден оқытып жүргенде көптеген кедергілер болды. Мектепке барып оқығаннан кейін кейбір пәндер толық оқытылмайды. Бұл балаларға оңалту-түзету жұмыстары өмір бақи керек. Сол себепті оларды қоғамға қосу үшін бір орталықтандырылған оңалту орталығы болса екен», – дейді қала тұрғыны Лаура Еспақова.
Тұрғын ерекше білімді қажет ететін балалар үшін аймақта арнайы оқу-сауықтыру орталықтарын ашу қажеттігін алға тартады. Себебі өңірде бұл санаттағы балалар өте көп, ал оларды қоғамға бейімдеу мен оқыту жүйесі әлі де ақсап тұр.
Жалпы аймақта ерекше білімді қажет ететін 7900 бала бар. Алайда мектептерде инклюзивті кабинеттер жеткіліксіз. Бұған қоса, жүзге жуық логопед пен дефектолог маман тапшы.
«Мектептерде ерекше балаларды қолдау кабинеті жеткілікті деңгейде емес, жоспар бойынша біртіндеп жасақталып жатыр. Дегенмен қазіргі уақытта 30-дан астам мектепке кабинет аса қажет. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті бюджет есебінен арнайы гранттар бөлініп отыр. Алайда жоғары оқу орындарына түсуге ниетті талапкер саны аз», – дейді Атырау облысы білім беру басқармасы оқу бөлімінің бас маманы Ақмарал Боранханова.
Мұндай мамандықтарға мемлекет тарапынан гранттар жеткілікті бөлінеді, ал шекті балл 75-тен басталады. Өкінішке қарай, қазіргі таңда жастардың бұл маңызды салаға қызығушылығы әлі де төмен күйінде қалып отыр.
Оқи отырыңыз: Ақылы жолда ақшаны қалай үнемдеуге болады