Мамандар ақуызы көп өнімдерге қатысты маңызды ескерту жасады

Depositphotos.com
Depositphotos.com

Ақуызы жоғары өнімдердің бәрі бірдей пайдалы бола бермейді 

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақуыз ағзаға қажетті негізгі қоректік заттардың бірі. Ол бұлшықет массасын қалыптастыруға, салмақ тастаған кезде бұлшықетті сақтауға және ұзақ уақыт тоқ жүруге көмектеседі. Алайда соңғы уақытта өндірушілер ақуызды түрлі дайын өнімдерге қосып, оларды пайдалы тағам ретінде жарнамалай бастады. Мамандар мұндай өнімдерді таңдағанда бірнеше жайтқа назар аударуға кеңес береді,  деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Өнімдегі ақуыз мөлшерін тексеріңіз

Кейбір өнімдердің қаптамасында ақуыз мөлшері көп көрсетілгенімен, онда екі-үш порция болуы мүмкін. Сондықтан жапсырмадағы ақпаратты мұқият оқып, бір порцияда қанша ақуыз барын анықтаған жөн.

Мәселен, бір порциясында небәрі 7 грамм ақуыз болса, оны пайдалы балама деп қабылдаудың қажеті жоқ. Тек осы көрсеткіш үшін қымбат өнім сатып алудың да мәні шамалы.

Ағзаға қанша ақуыз қажет?

Ақуызға деген қажеттілік адамның салмағына, дене белсенділігіне және мақсатына байланысты. Мысалы, салмағы 70 келі, спортпен белсенді айналыспайтын әрі салмағын өзгертуді көздемейтін адамға күніне шамамен 54 грамм ақуыз жеткілікті болуы мүмкін. Ал тұрақты жаттығатын немесе салмағын өзгертуді мақсат еткен адамға 81-95 грамм қажет болуы ықтимал.

Егер тәуліктік қажеттілік 90 грамм болса, оны үш негізгі асқа бөліп, әрқайсында шамамен 30 грамм ақуыз тұтынуға болады.

Ақуыз қосылған өнімнің орнына не жеуге болады?

Мамандардың айтуынша, ақуызды жеткілікті мөлшерде алу үшін арнайы өнімдерге жүгінудің қажеті жоқ. Ет, сүт өнімдері, тофу, бұршақ тұқымдастар мен дәнді дақылдар да ақуыздың жақсы көзі саналады.

Мәселен, жаттығудан кейін толыққанды тамақтануға мүмкіндік болмаса, құрамында 20 грамм ақуыз бар протеин батончигі уақытша балама бола алады. Бірақ мұндай өнімді күнделікті тамақтың орнына пайдаланбаған жөн.

Сондай-ақ құрамында ақуызы бар чипсы мен түрлі тіскебасарларды да пайдалы тағаммен теңестіруге болмайды. Өндірушілер өнімнің ақуыз мөлшерін алға шығарғанымен, оның калориясын және басқа да құрамдас бөліктерін ескеру қажет.

Сондықтан ақуызы жоғары деген жазуға ғана қарап өнім таңдамаған дұрыс. Ең бастысы – оның жалпы тағамдық құндылығына назар аударып, теңгерімді тамақтану тәртібін сақтау.

Дереккөз: lifehacker.com

Оқи отырыңыз: Бүйрек саулығын сақтау үшін кешкі астан кейін қандай сусын ішкен дұрыс