Жоба мақсаты – өңірге қажетті мамандардың картасын әзірлей отырып, ерте кәсіптік бағдар беру
Ұлытауда «Мамандығым-болашағым» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бастама «Халық табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспары аясында қолға алынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ұлытау облысында маман тапшылығы әр салада бар. Әсіресе ауылшаруашылығы, энергетика және құрылысқа білікті кадр қажет. Сондықтан «Мамандығым-болашағым» жобасына аймақ басшылығы үлкен үміт артып отыр. Ол үшін арнайы жоспар түзіліп, жұмыс картасы әзірленеді. Соған сай тапшы мамандардың орнын толтырып қана қоймай, болашақта бұл мәселені түбегейлі шешу көзделген.
"Жоба мақсаты – өңірге қажетті мамандардың картасын әзірлей отырып, ерте кәсіптік бағдар беру. Өңірде энергетика, ауылшаруашылық және құрылыс саласы мамандарына сұраныс бар. 19 мамандық және 26 біліктілік қайталанады. Ол әрине бәскелестік жағынан жақсы болғанымен, сол оқуды аяқтаған студенттердің мамандық бойынша жұмыс табуына қиындық туғызуда", – деді білім басқармасы бөлімінің бас маманы Аяулым Қаһарман.
Жоба аясында маман дайындау ісі Жезқазған жоғары политехникалық колледжінде жүріп жатыр. Оған аймақтағы кәсіби білім беретін колледждер мен жергілікті әкімдік өкілдері, сондай-ақ кәсіпкерлер жұмылдырылған. Форсайд сессиялар еліміздің басқа өңірлерінде де өтеді. Жобаны Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Шаһмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті жүзеге асырып жатыр.
"Қазіргі таңда 5 өңірде форсайд сессиясы аяқталды. Сессияға жұмыс берушілердің қатысуы ерекше маңызды. Олар саланың болашақта қажеттілігін анықтауға, қандай инновациялық шешім шығаруға болады, соған сай көмек береді. Сессия нәтижесінде Ұлытау облысының атласы әзірленеді. Мектеп оқушыларына кәсіби бағдарлау және білім беру бағдарламасын жаңарту жұмысы жүзеге асырылады", – деді Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің аға ғылыми қызметкері Шынар Мендалиева
Форсайд сессия екі күнге жалғасады.
Айта кетейік, Ұлытау облысында 15 кәсіптік-техникалық білім беру мекемесі бар. Онда 6 мың 525 студент тәлім алып жүр. Колледждерде жаңа мамандықтар да ашылған. Биыл оқу бітірген 1703 түлектің 1411-і жұмысқа орналасқан. Ал алдағы уақытта шығатын «Ұлытау облысының жаңа кәсіптер атласы» көрсеткішті одан әрі арттырмақ.
Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, Ұлытау облысы
Оқи отырыңыз: Алматыда ортопедия және травматология саласы бойынша конференция өтті