Олар құжатты ретке келтірмей жатып, жұмысты бастап кеткен
Маңғыстау облысында 12 құрылыс компаниясы заңсыз лицензиямен жұмыс істеген. Олар құжатты ретке келтірмей жатып, жұмысты бастап кеткен, де хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында кейінгі жылдары тұрғын үй құрылысы қарқынды. Десе де ірі компанияларға қалтасындағы барын салып, сан соғып қалып жүргендер тіптен көп. Сөйтсе кейбір кәсіпкерлер құрылысты жерді рәсімдемес бұрын бастап кеткен. Прокурорлар бірнеше рет қайталанған мұндай өрескел заң бұзушылықты тыю мақсатында биыл ісін бастаған 12 компанияға тиесілі лицензияның күшін уақытша жойған.
«Логикалық тұрғыда бір өндірістік базада 100 жұмысшының жұмыс жасауы мүмкін еместігі анықталды. Яғни 12 мекеме бірдей өндіріс базаны қалай жалға алатыны күмән тудырды. Сонымен қатар инженерлік-техникалық қызметкерлер бір мезгілде бірнеше мекемеде жұмыс жасауы мүмкіндігін қарап отырып, заң бұзған», – деді Маңғыстау облысы прокуратурасы басқармасының аға прокуроры Мағжан Бегендік.
Құрылыс лицензиясы – кәсіпкердің техникалық, материалдық және кадрлық мүмкіндіктерін растайтын басты құжат. Аталған рұқсат қағазының шынайы болуы құрылыстың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ал бұл тексеру барысында мекемелердің барлығы бірдей, құжаттарында бір ғана өндірістік база мен инженер маманын көрсеткен. Мәселен, 2024 жылдан бері 20 жаңа құрылыс компаниясы құрылса, қазір оның 8-і ғана қызметін жалғастырып отыр. Қалғанының рұқсатнамалары жарамсыз.
«Бұрын лицензиялық бақылау барысында өндірістік базаға барып құжаттардың дұрыстығын анықтайтын едік. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында көп мемлекеттік және лицензиялық бақылау алынып тасталды», – деді Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Дәурен Өтепқали.
Қазіргі таңда әрбір заң бұзған компанияға 5 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, лицензияларының күші уақытша тоқтатылды. Қызмет жүргізуге құқықты кері қайтару үшін олар құжаттарын толығымен қайта жинақтауы қажет.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Маңғыстау облысынан
Оқи отырыңыз: Шымкенттіктер қаладағы зират пен мал базарына баратын жолдың жайына наразы