Маңғыстау облысында ауыл мектебінің төбесі опырылып түсті

23.07.2025 19:47

Арнайы комиссия құрылып, оқиғаның себебі жан-жақты тексеріліп жатыр

Маңғыстау облысының Құрық ауылында мектеп төбесі опырылып түсті. Білім ошағының акт залында шамамен 250 шаршы метр төбе жабыны құлаған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Қазір арнайы комиссия құрылып, оқиғаның себебі жан-жақты тексеріліп жатыр. Аталған жайт сағат 6:30 шамасында болған. Ал мұның бәрі мектеп ішіндегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кадрдан төбені ұстап тұрған ағаш тіректердің сынып, акт залының күл-талқаны шыққанын байқауға болады.

 «Оқиға орнына арнайы мамандар шақырылып, апаттың нақты себебін анықтау үшін тексеріс жұмыстары жүріп жатыр. Мәселе облыс әкімінің бақылауында тұр. Облыс басшысының бірінші орынбасары Е. Ізбергеновпен комиссия құрылып, жұмыстар басталып кетті», – деді Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлбану Қызылғұлова.

Оқи отырыңыз: Шардарада 4 гектар жер жарамсыз