Оның 10 пайыздан астамы мүлдем пайдалануға келмейді
Шардара жұрты тағы алаңдаулы. Бұл жолғы мәселе – жағажай емес, ауыл шаруашылығы жерлерінің тұздануы. Ауданда 300-ден аса тік дренаж жүйесі істен шығып, салдарынан 4 гектар жер жарамсыз күйге түскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал кей ауылдарда жерасты сулары көтеріліп, үйлердің едені шөгіп, қабырғалары қақырап жатыр. Жергілікті халық бұл мәселе соңғы 10-15 жылда ушығып кеткенін айтты.
«Гүлсара Жалалқызының баспанасы күннен-күнге шөгіп, қабырғалары жарылып жатыр. Жер асты суының көтерілуі жалғыз басты ананың үйін жарамсыз күйге түсірген. Мәселесін арқалап әкімдікке талай барса да, еш көмек көрсетілмепті. Он жылдан бері баспана қирап жатыр. Үйге кіре алмаймыз. Қонақтар келсе, отыра алмаймыз», – деді Шардара ауданының тұрғыны Гүлсара Жалалқызы.
Бүгінде бұл ғана емес, Шардара ауданындағы 9 ауылдық округтің жері жарамсыз күйге түсіпті. Бұл шамамен 4 гектар аумақ. Оның 10 пайыздан астамы мүлдем пайдалануға келмейді.
Айта кетейік, бұған дейін аталған мәселені шешу үшін 306 тік дренаж ұңғымасын қазу қажет екені нақтыланып, жобаға 24 млрд теңге қарастырылған. Алайда арада бірнеше жыл өтсе де жұмыс толық аяқталмаған.
«Жұмысты жыл соңында аяқтау жоспарлануда. Жерасты суларын тартып, арналармен ағызып жіберсе, жер асты тұзы кетеді, сорлану азаяды», – деді Шардара аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Әлімқұл
Жердің тұздануы Шардараға ғана тән мәселе емес. Өңірдегі Арыс, Жетісай, Мақтарал және Отырарда да дәл сондай жағдай жан біткеннің жазылмас жарасына айналды. Қара халық бұл мәселені аудан деңгейінде шешу мүмкін болмаса, үкіметтік деңгейде нақты шаралар қабылдануын сұрайды.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Түркістан облысынан
Оқи отырыңыз: Ауыз сумен қамту: Алматыда Ерменсай шағынауданында су құбыры тартылып жатыр