Оқиға орнында жедел штаб құрылды
Маңғыстау облысында газ ұңғымасында болған апат жойылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, апатты жағдайды жою үшін оқиға орнына ТЖД күштері мен құралдары және "Ақберен", "Оңтүстік мұнай сервис", Nobilis Corp және Varro Operating Group компанияларының мамандары тартылды.
«Оқиға орнында жедел штаб құрылып, онда апатты жою бойынша жұмыс жоспары жасалды. Ауаны газ аналитикалық аппаратурамен өлшей отырып, ұңғыма сағасының жай-күйі зерттелді», - делінген хабарламада.
Келген қызметкерлер мен мамандар құбыр кеңістігі арқылы ұңғыманы жабу жұмыстарын жүргізді. Крест превенторын бөлшектеп, ағып кетуді болдырмау және тығыздауды қамтамасыз ету үшін ұңғыманың кіреберісіне жаңа қорғаныс элементін орнатты.
Сондай-ақ ұңғымадан 60 м қашықтықта өрт шыққан жағдайда су жинау үшін траншеяны қазу жұмыстары жүргізілді.
Зардап шеккендер жоқ. Апаттың себебі анықталып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, 6 маусымда Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында "Толқын" кен орнында, №57 ұңғымада құбыр кеңістігі арқылы газ-су қоспасының шуғуы пайда болған еді. Өрт болған жоқ.
Оқи отырыңыз: Әскерге шақырылғандарды мәжбүрлеп алып кету әрекеті: Қорғаныс министрлігі жауап берді