Әскерге шақырылғандарды мәжбүрлеп алып кету әрекеті: Қорғаныс министрлігі жауап берді

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Әскерге шақыру жасындағы азаматтарға қатысты рейдтер жүргізіледі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

БАҚ пен әлеуметтік желілерде әскерге шақыру жасындағы азаматтарды мәжбүрлі түрде ұстап, жергілікті әскери басқару органдарына жеткізу туралы бейнематериалдардың таралуына байланысты Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады.

Ведомство мәліметінше, Қазақстанда азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жыл сайын заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Алайда шақыру науқаны барысында кейбір азаматтардың әскери қызметтен жалтаруы немесе заң бойынша келу талабын уақытылы орындамауы сияқты қиындықтар туындайды. Бұл көбіне азаматтардың тіркеуде тұрған мекенжайда тұрмауы немесе жаңа мекенжайға тіркелмеуіне байланысты болады.

«Егер шақыру қағазын азаматқа жеке табыстау мүмкін болмаса, оны жеткізуді ішкі істер органдары жүзеге асырады. Рейдтер кезінде кейбір азаматтар полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсетеді, бұл олардың мәжбүрлі түрде жеткізілуіне себеп болады.

Шақыру пункттерінде азаматтардың мерзімді әскери қызметке шақырылу негіздері бар-жоғы анықталады. Егер негіздер болмаса – азамат үйіне қайтарылады. Ал негіз болған жағдайда – медициналық тексеруден өтіп, әрі қарайғы шақыру шараларынан өтеді. Мерзімді әскери қызметтен жалтарғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз”, - делінген хабарламада.

Министрлік өкілдері сондай-ақ азаматтарды қолданыстағы заң талаптарын сақтауға және жалған ақпарат таратудан бас тартуға шақырады.

Оқи отырыңыз: Күштеп әскерге алып кетпес үшін не істеу керек: министр орынбасары жастарға кеңес берді

Новости партнеров