Маңғыстау облысында қырылған итбалықтар саны мыңнан асты

Жануарлардың іріп кеткен денесі толқынмен Каспий жағасына шығып жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстау облысында өлген итбалықтардың саны мыңнан асты. Шіріп кеткен су жануарының денесі толқынмен Каспий жағасына шығып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бұған дейін өлекселер Түпқараған ауданындағы жағалаудан шықса, күні кеше 115 итбалық Қарақия ауданындағы жағалаудан табылған. Мамандар теңіз сүтқоректілерінің дені бүлінген деп отыр. Көбісі сынама алуға жарамайды екен. Ал жарайтындарын зерттеуге жіберіпті.

Бүгінге дейін тексеруге келмейтін итбалықтар жиналып өртелген. Жалпы теңіз жануарының жаппай қырылу дерегі 24 қазанда тіркелген. Итбалықтың неден өлгенін анықтау үшін Гидробиология және экология институтының мамандары сол жерге барып, зерттеу жүргізген. Сынамалар алып, зертханаға жіберген. Оның қорытындысы әзірге жарияланған жоқ.  

"Теңіз жануарларынан браконьерлік ау құралдарының іздері байқалды. Мойнында жарақат белгілері бар. Өлекселер қатты жел болған күндері жағаға шыққан, итбалықтардың көбі іріп кеткен. Сондықтан біразы өртеліп, зерттеуге келетіндерінен сынама алып, лабораторияға жібердік", - деді Балық инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Андрей Руцкий.

Оқи отырыңыз: Көкшетауда жас жігіт некеге тұрған күні кісі қолынан қаза тапты

Новости партнеров