Маңғыстауда алдағы оқу жылында 9 мектеп пайдалануға беріледі

Қыркүйек айында өңірдегі 25 мыңнан астам бала жаңа мектепке бармақ

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстау облысында алдағы оқу жылында 9 мектеп пайдалануға беріледі. Білім беру ұйымдары Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатыр. Нәтижесінде, қыркүйек айында өңірдегі 25 мыңнан астам бала жаңа мектепке бармақ, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

9 мектептің алтауы – Ақтауда, қалғандары аудандарда бой көтереді. Соның бірі – қалаға іргелес орналасқан Рауан елдімекенінде орналасқан. 700-дей түтіні бар ауылда бұрын оқу ошағы болмаған. Ал ауылда мектеп жасындағы 400 бала бар. Олар бұған дейін күн сайын автобуспен 10 шақырымдай жол жүріп, Өмірзақ ауылына қатынап оқыпты.

«Балаларды қыстың кезінде ерте тұрғызуы бар, оларды жіберуі бар. Енді автобус тасып тұрғанымен сонда да қиын. Мектеп салып жатқанына өте қуаныштымыз. Балаларымыз қыркүйектен бастап осы мектепке барады», - деді Рауан ауылының тұрғыны Сымбат Аманғалиева.

Құрылысы 95 пайызға аяқталған білім ордасы екі ауысымда 600 оқушыға дейін қамтымақ. Айта кету керек, аталған жоба аясында 9 бірдей мектеп қолданысқа берілсе, өңірдегі 3 ауысыммен оқу мәселесі 60 пайыз шешілгелі тұр. Қазір аймақтағы 10 мектеп осы мәселемен бетпе-бет келген десек, соның алтауы – Ақтауда.

«Бұрынғы мектеп құрылыстарында техникалық жабдықтарға жалпы сметалық құнның 4-5 проценті қарастырылатын еді. Ал мұнда 20 процентке дейін қарастырылған. Бұл жерде робототехника кабинеттері болады, ерекше қажеттілігі бар балаларға инклюзивті оқу мүмкіндіктері қарастырылған», - деді тапсырыс беруші компанияның өкілі Нұрлыбек Жолбаев.  

«Келешек» мектеп бағдарламасы аясында осы жылы 3 мектепті тапсырамыз. Алдыңғы жылы да Ақтау қаласында 3 мектеп тапсырғанбыз. Демографиялық жағдай өте қарқынды. Соған байланысты мәселені 60-70  пайызға шешеміз деп ойлаймыз», - деді Білім басқармасының бас маманы Қыдыр Алдоңғаров.

Жоспарға сәйкес, 8 мектеп қыркүйек айында ашылуы тиіс. Ал Ақтаудың 16-шағынауданындағы білім ордасы қазан айында пайдалануға берілмек.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз: Ерекше бала тәрбиелеп отырған аналарға қолдау қажет - қор өкілдері

Новости партнеров