Маңғыстауда инспекторларға шөлейт аймақ үшін төленетін төлем неге тоқатылды

12.06.2025 15:24

Наразы болған инспекторлармен жергілікті билік өкілдері кездесіп, арнайы жиын өтті

Маңғыстауда Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының инспекторлары үстемақыдан қағылды. Шөлейт аймақ үшін жалақыларына қосылып берілетін төлем тоқтатылған. Қызметкерлер қисынсыз шешімді қайта қарау үшін министрлікке өтініш жолдап, облыстық әкімдік ғимараттың маңына жиналды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Үстірттегі фауна-флора әлемін қорғайтын инспекторларға шөлейт аймақ үшін берілетін 60 пайыздық үстемақы 1993 жылдан бастап төлене бастаған. Алайда 1 қаңтардан бері қаражат тоқтатылды. Өйткені бір кездері қабылданған шешім күшін жойған. Ал Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының инспекторлары шөлейт мәртебесін қайта қарап, үстемақыны қалпына келтіруді сұрап, министрлікке жүгінген. Ведомство өкілдерінің айтуынша, мәселені шешу үшін облыстық деңгейде арнайы комиссия құрылуы тиіс. Алайда әзірге комиссия да құрылмаған, нақты шешім де қабылданбаған.

«30 жылдан бері үстемақыны алып келе жатырмыз. «Неге қысқарттыңыздар?» деп жұмысты тоқтатып, айқай шығырып, ереуілге шығуымызға болатын еді. Бірақ біліктілігімізді көрсетейік деп, барлығын заң аясында тиісті органдарға хат жолдадық. Айқай-шу шығармасақ, резонанс болмаса қаралмайтын секілді», – деді Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының заңгері Аманқос Әбиев.

Наразы болған инспекторлармен жергілікті билік өкілдері кездесіп, арнайы жиын өтті. Жауаптылар мән-жайды қорық қызметкерлеріне түсіндірмек болды. Олардың айтуынша, проблеманы шешетін комиссия республикалық деңгейде құрылуы тиіс. Ал оның құрамына министрлік, әкімдік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді. Осыған байланысты процесс созбалаңға салынған.

«Бүгінгі ақпарат бойынша қаулының жобасы дайындалып, комиссияның құрамы белгілі болды, облыс әкіміне қол қоюға берілді. Комиссия жұмысын бастағаннан кейін үстемақы төлеу, шөлейт деп тану мәселесі комиссияның құзырет шегінде қаралады. Сосын тиісті ұсыныстар министрлікке немесе үкіметке жолданады. Инспекторлардың үстемақысы азғантай қаражат емес. Бұрын алып отырған айлығы азайып кетті», – деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатов

Аталған мәселеге байланысты арнайы қаулы әзірленіп, комиссия құрамы да анықталыпты. Құжат қазіргі таңда облыс әкіміне жіберілген. Өңір басшысының рұқсатынан кейін ғана комиссия ресми түрде жұмысын бастай алады.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан

Оқи отырыңыз: Елімізде төтенше жағдай кезінде құтқарушыларға өтемақы төленеді