Маңғыстаудағы кен орындарға электр энергиясы кестемен беріліп жатыр

МАЭК кәсіпорнындағы энергоблок істен шыққан

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстаудағы кен орындарға электр энергиясы кестемен беріліп тұр. Себебі МАЭК кәсіпорнындағы энергоблок істен шыққан. Салдарынан, өңірдегі мұнай компаниялары күнделікті жобадан ауытқып, жоспарларын орындай алмайтын хәлге жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

МАЭК мекемесіндегі жылу электр стансасындағы 3-энергоблог істен шығып, өндірістік орындарға тоқ көзі кестемен беріле бастады. Жұмысын тоқтатқан энергоблокты суыту үшін кемінде 4 күн күту қажет. Құрылығыны содан кейін ғана жөндеуге мүмкіндік бар. Ал істен шығудың себеп-салдары тек осының бәрі біткен кезде анықталады. Жұмысын тоқтатқан бөлімге аймақ басшысы өзі барып, жұмысшылармен кездесіп, жағдайды көріп қайтты. 

Қазір МАЭК кәсіпорны барлығы 357 МВт энергия өндіріп тұр. Оның 12-сі 1- жылу электр стансасынан өндіріліп тұрса, 216 МВт екіншісінен шығады. Ал 3- энергоблок 129 МВт тоқ көзімен қамтып тұр.

«Тұрғындарға алаңдайтын еш негіз жоқ. Оларға тоқ үздіксіз беріліп тұратын болады. Ешқандай кесте болмайды. Ток кестемен өндірістік орындарға беріледі. Ол мәселе де санаулы сағаттардан кейін шешімін табады. Бүгін, ертең өндірістік орындар толықтай тоқпен қамтылады деп жоспарға енгізілді», – деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Соңғы апта ішінде жабдықтардың тозуы салдарынан үшінші энергоблок екі рет қатарынан істен шыққан. Нәтижесінде Ақтауда электр қуатын өндіру уақытша тоқтады. Қазір резервте тұрған 2-энергоблок тестілеу режиміне қосылған. Ал МАЭК мекемесінің басшысы 2-энергоблок тестілеуден сәтті өткеннен кейін өндірістік орындардағы кесте алынып тасталады деп сендіріп отыр.

«Энергоблоктың температурасын 160 градусқа дейін төмендетпей, құрылғыны ашып, техникалық тексеру жүргізу мүмкін емес. Бұл үдеріс 2-3 күнге дейін созылады. Бүгінде үшінші энергоблок суыту кезеңінде. Қазір екінші энергоблок күрделі жөндеуден шығып, сынақ режимінде іске қосылды. Кешке дейін ол толық қуатта жұмыс істей бастайды. Нәтижесінде өндіріс секторындағы шектеулердің жойылады», – деді  «МАЭК» ЖШС бас директоры Кеңес Орақов.

Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбайдың айтуынша, МАЭК-тің үш энергоблогын толықтай жаңғырту жоспары бар. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан

Оқи отырыңыз: «Қалқаман» стансасына дейінгі жаңа тоннельде рельс төсеу жұмыстары басталды

Новости партнеров