Жаңа әуежай арқылы 16 мемлекетке рейс ашуға мүмкіндік бар
Маңғыстаудың Кендірлі курортты аймағында халықаралық әуежайдың құрылысы басталды. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аймақтың туристік әлеуетін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жоспар бойынша, әуежай биыл желтоқсанда пайдалануға беріліп, Астана, Алматы және Батыс өңірлерге рейс ашылмақ. Аталған нысан Жаңаөзен қаласынан 52 шақырым, ал Кендірлі курортты аймағынан 14 шақырым жерде орналасқан. Аумағы – 599 гектар. Әуежайдың ұшу қону алаңы 2 шақырым болады. Қазір құрылыс басында 80-нен аса адам жұмыс істеп жатыр. Тағы 62 техника жұмылдырылған.
«Екі метр тереңдік қазып жатқан себебіміз, ұшақ қонғанда тау жыныстары әсер етпеуі керек. Содан кейін 30 см тығыздап, 2 метрге дейін қайта көтереміз. Ұшақ қонған кезде жер мықты болуы керек», – деді учаске бастығы Бекнұр Қарабаев.
Құрылыстың екінші кезеңінде инженерлік инфрақұрылым жүйелері тартылады. Ал үшінші кезеңде әуежайдың навигациялық пункттері, жанар-жағармай сақтайтын орындары салынбақ. Жаңа әуежай арқылы 16 мемлекетке рейс ашуға мүмкіндік бар. Халықаралық қатынас үшін Өзбекстан, Әзербайжан және Ресеймен келіссөз жүргізіліп жатыр. Ал 45 мың адам қоныстанады деп жоспарлаған Кендірлі қалашығының бас жоспарын егжей-тегжейлі жобалау жұмыстары әрі қарай жалғаспақ.
Оқи отырыңыз: Метрология саласындағы жетістік: қазақстандық ғалым құрылғы ойлап тапты