Маңғыстаулық тұрғын түркі елдерінің 600-ге жуық кілемін жинаған

Ақылберді Нақов кілемдерге қанша қаражат жұмсағанын құпия сақтайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстауда көне затты көзінің қарашығындай сақтап, түркі тілдес елдердің 600-ге тарта кілемін қоржынына жиған азамат тұрады. Ескі төсеніштерді ел мұрасы қыла білген оның коллекциясында 250 жыл тұрмыста қолданған бұйымдар бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ақылберді Нақов бұл іспен 1990 жылдан бері айналысып келеді. Ол осы түркі халықтарының кілемдері мен бұйымдарын жинау үшін ел аралап, көрмелерге қатысады. Шет елдерден қоныс аударған қандастардың үйіне де арнайы барып, жәдігер жинайды. Иран, Түркіменстан, Өзбекстан және Әзербайжан, Дағыстан, Армения елдері, сондай-ақ ұйғырлар мен Моңғолиядағы қазақтардың кілемдерін қоржынға қосқан. Ал Қазақстан бойынша Қызылорданың төсеніштерін әкеліпті. Бүгінде коллекционердің мұрағатында 600-ге жуық кілем бар. Ал мұндай қызығушылық азаматтың бала күнінде басталған көрінеді. Анасының қасында қолғабыс ете жүріп, тоқымаларды үйренген ол төсеніштерді қалай баптау керек екенін сол кезден меңгерген.

"Син-зянь провинциясынан ұйғырдың кілемдерін алдым. Иранда кілем көрмесі болды. Жиегі түйенің мойын терісімен тігілген кебежесі қолдан тоқылған. Бұл –200, 250 , 150, 120 жыл болған жәдігерлер", – деді мұнайлы ауданының тұрғыны Ақылберді Нақов. 

Коллекционер әр халықтың тұрмыста қолданған ескі құрал-жабдықтарын да сақтайды. Олардың арасында түрікмендердің қоржыны, қыз ұзатқанда қолданған бұйымдары, өзбектердің қолдан тіккен алашалары мен қазақтың ұлттық қол-өнер бұйымдары бар.

Ақылберді Нақов кілемдерге қанша қаражат жұмсағанын құпия сақтайды. Бірақ сөз арасында 170 жыл болған 1 шаршы метрлік кілемді бір жыл бойы күтіп, 2 мың долларға сатып алғанын еске алды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген тұрғын осыншама мұраны сақтап қалғанын мақтан етеді. Жәдігерлерді күтіп-баптауға оған жұбайы Қарашаш Толаева көмектеседі.

"Менің міндетім – ескі дүние жыртылап кетсе, тігу. Ағаш үйдің басқұрын18 жасымда тоқыдым", – деді мұнайлы ауданының тұрғыны Қарашаш Толаева

Ақылберді Нақов "түркі халықтарының салт-дәстүріндегі ұқсақтықты ғылыми тұрғыда зерттеу қажет" дейді Сондықтан көне жәдігерлер туралы кітап жазуды жоспарлайды. Азамат аймақта туризм саласын дамытуға үлес қосып, мұражай ашуды көздейді.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз: Тәуелсіздік күні: "Мәңгілік ел әуендері" байқауы мәресіне жетті

Новости партнеров