Маңғыстау биыл 500 мың турист қабылдауды жоспарлап отыр

Маңғыстау облысында туристік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасып жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маусымның соңы таяғанымен, Ақтаудың жағажайларында әдеттегі қарбалас байқалмайды. Бұрын дәл осы уақытта адамға лық толатын демалыс аймақтарында қазір бос орын көп, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жаз басталса Каспийдің жағалауы демалушыларға лық толатын еді. Алайда биыл келушілер қатары жылдағыдан аз болып тұр. Әр жазды асыға күтетін кәсіпкерлер болса, туристер санының азаюын жол ақысы мен әуе билеттерінің қымбаттауымен, сондай-ақ шетелдік бағыттардың артуымен байланыстырады. Оған қоса құбылмалы ауа райы да әсер еткен. Әдетте мамырда басталатын шомылу маусымы биыл маусымның ортасында ғана ашылды.

«Жазғы демалуға келетін туристердің болмауына уайымдамасақ болады. Себебі ыстық маусым енді ғана басталды. Асықпай  туристерді күтеміз», – деді кәсіпкер Ерсұлтан Исламов.

Маңғыстау облысында туристік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. 2029 жылға дейін өңірде жалпы құны шамамен 200 миллиард теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба іске асырылады. Нәтижесінде 800-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Жаңа қонақүйлер пайдалануға беріліп, сауықтыру кешені де салынып жатыр. Сонымен қатар Каспий жағалауында балалар демалыс орталығы ашылып, Бозжырадағы туристік орталықтың құрылысы аяқталуға жақын.

«Өткен жылы өңірге 450 мың турист келсе, биыл бұл көрсеткішті 500 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Оның 100 мыңы – шетелдік туристер. Қазір облыста 22 туроператор жұмыс істейді және туристерге арналған 248 маршрут әзірленген», – деді Маңғыстау облыстық Туризм басқармасының басшысы Мәншүк Қабдықызы.

Дегенмен жазғы маусымның қызатын кезеңі әлі алда. Биыл өңірге шамамен 500 мың турист келеді деген жоспар бар. Бұл болжамның қаншалықты жүзеге асатыны алдағы маусымның соңына дейін белгілі болады.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан