Маңғыстау облысының тұрғындары тобықтан лай кешіп жүр

08.12.2025 19:28

Ауылда 46 шақырым жол бар

Almaty.tv

Маңғыстау облысында Дәулет ауылдық округының тұрғындары жол мәселесіне қатысты шағымын айтып, редакциямызға хабарласты. Олардың айтуынша, жауын-шашын күндері тобықтан лай кешіп, аяққа полиэтилен пакетін орап жүруге мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл – Мұнайлы ауданына қарасты Дәулет ауылдық округінің 8-кварталы. Сабыры сарқылған ауылдағы ағайын «күнде жол төсеушілер келіп қалар ме екен?» деген үмітпен өмір сүріп жатқанын айтады. Себебі ауыл әкімдігі жыл басынан бері бір емес, бірнеше рет асфальт төселеді деп уәде берген көрінеді.

«Көшеге балдарды шығаратын болсақ, аяқ киімнің сыртынан кидіру үшін қалтамызға пакет салып шығамыз, ол жыртылады, оны алып тастаймыз. Әкімге неше  рет бардық, наурызда жөлды жөндеу керек еді,  қаңтар боп қалды», – деді ауыл тұрғыны Сәлима Игібаева. 

Ақжолтай жаңалық болмаған соң, жұрт бірнеше рет құм төктіріп, амалдапты. Алайда бастапқыда жақсы болғанымен кейін жауын-шашын шайып, жолдың қайтадан тас талқаны шыққан. 

«10-15 машинада құм төгіп, тегістедік. Бірақ жылда балшық болды. Әкім көмектесіп, жолды жөндеп берсе, басқа нштеңе керек емес», – деді  ауыл тұрғыны Сүйін Кемикеев.

Ауылда 46 шақырым жол бар. Оның шамамен 30 пайызы тас жол төселген. Әкімдіктегілердің мәліметінше тұрғындардың айтып жүрген көшесіне асфальт төсеу үшін республикалық бюджеттен қаржы күтіп отыр. Жоба жасалған, егер жол салуға Үкіметтен ақша бөлінсе, ауылдағы 1-кварталдан бастап, 27-кварталға дейін көшелерге тақтайдай тас жол төселмек. Бірақ нақты қай уақытта жұмыс басталатыны белгісіз. Себебі барлық шаруа қаржының бөлінуіне байланысты шешіледі.

 «Жоба жасалды, оның құны 520 млн теңге.  Дәулет ауылының 305 шақырым көшеге асфальт төселеді. Нақты уәде бере алмаймын. Себебі бюджеттік комиссияның қорытындысына сәйкес жұмыс басталады», – деді Дәулет ауылдық округінің әкімі Жанболат Жақаев.

Жұрт ауыл әкімімен бірге қаржының бөлінгенін күтуге мәжбүр.  Ал ауыл әкімі «ой-шұқырды жамап, күтіп ұстау жұмысын жалғастыра беремін» дейді.