Маңғыстауда қарақұрт шағып, мал шығыны көбейді

Шаруалар малды өздігінше емдеуге мәжбүр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстауда қарақұрт қаптап, төрт түлікке қауіп төндіріп тұр. Улы жәндік шаққан жылқы мен түйе жаппай әлсіреп, кейбірі тіпті қырылып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Мынау – қарақұрттың уына шыдай алмай, аяқтан әл кетіп, тәлтіректеп тұрған жылқы. Шаруалардың айтуынша, соңғы кезде мұндай көрініс жиілеп кеткен. Әсіресе түйелердің жағдайы ауыр. Бірі орнынан тұра алмай жатып қалса, енді бірі жем-шөптен қалып, су іше алмайтын жағдайға жеткен.

Әлеуметтік желідегі осындай бейнежазбалар күн сайын көбейіп жатыр. Мал иелері қарақұрттың жайылымды торлап алғанын айтады. Шөп арасында толып жүрген улы жәндік аяқ астынан шабуылдап, ірі түйені де құлатып жатыр екен.

«Қарақұрт мәселесі өте қиын болып тұр. Малдарымыз жылқы, түйе зардап шегіп жатыр. Егетін дәрілердің өзі тапшы», – деді шаруа Рафхат Қорабаев

Шаруалар малды өздігінше емдеуге мәжбүр. Бірі халықтық тәсілге жүгінсе, енді бірі ветеринар іздеп сабылып жүр. Мәселенің күрделене түсуіне тағы бір себеп бар. Облыстың бас ветеринары өңірде қарақұрт мәселесінің ушығып тұрғанын растады. Оның айтуынша, уға қарсы препараттар тапшы екен. Тіпті кейбір ветеринарлық дәріханаларда қажетті дәрі-дәрмек таусылған. 

«Маңғыстау облысы бойынша бірнеше ветеринарлық дәріхана бар, онда қарақұрт уына қарсы керекті препараттар таусылып қалып отыр. Ветеринар дәрігерге хабарласқан жағдайда, мал иелерінің қолында бар препараттарды қалай пайдаланатыны туралы көмек береді», – деді Маңғыстау облысы Ветеринария басқармасының бастығы Бердібек Марқабаев.

Қарақұрттың кесірінен және дәрі-дәрмектің тапшылығын көрген шаруалар қолымыздағы малдан айырылып қаламыз ба деп алаңдайды. Олар жауапты мекемелерден өңірге қажетті дәрілік заттарды шұғыл жеткізіп, нақты көмек көрсетуді талап етіп отыр. Әзірге Маңғыстауда қарақұрттан келген шығынның нақты көлемі белгісіз.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Маңғыстау облысынан

Оқи отырыңыз: Шымкентте 17 жастағы қызды алып қашқан жігіт пен оның достары сотталды