Маңғыстауда құтқарушылар британдық туристерге көмек көрсетті

31.05.2026 17:16

Оқиға Тұзбайыр шатқалы маңында болған

Видеодан кадр

Маңғыстау облысында Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары қиын жағдайға тап болған шетелдік туристерге көмек көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оқиға Маңғыстау ауданына қарасты Тұзбайыр шатқалы маңында болған. 112 пультіне Ұлыбритания азаматтары мінген автокөліктің сорға батып, қозғала алмай қалғаны туралы хабар түскен.

Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар көлікте екі ересек адам мен 12 жастағы баланың болғанын анықтады. Жердің батпақты болуы мен күрделі бедеріне байланысты құтқару жұмыстары бір тәуліктен астам уақытқа созылған.

Арнайы техниканың көмегімен құтқарушылар көлікті сордан шығарып, қауіпсіз жерге жеткізді.

Абырой болғанда, оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Туристерге медициналық көмек қажет болмаған.

ТЖМ мамандары өңірдің шалғай аумақтарына сапарға шықпас бұрын бағытты мұқият жоспарлап, жол жағдайын алдын ала нақтылауға кеңес береді.

Оқи отырыңыз: Астанада 9-қабаттың терезесінен секірмек болған қыз құтқарылды