Гибридті электр станциясы Жаңаөзен қаласының аумағында орналасқан
Маңғыстауда жылына 90 гигават ток көзін өндіретін күн электр станциясы пайдалануға берілді. Бұл – аймақта жүзеге асырылып жатқан гибридті электр станцияның бір бөлігі ғана. Одан бөлек, газ және жел электр станциялары іске қосылмақ. Жоба жергілікті өндірісті тұрақты энергиямен қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Almaty.tv.
Гибридті электр станциясы Жаңаөзен қаласының аумағында орналасқан. Жоба күн, жел және газ электр станцияларынан тұрады. Бүгінде соның біріншісі, күніне 50 мегават электр қуатын өндіруге қауқарлы – күн электр станциясы іске қосылды. Алғашқы өнім мұнай және газ өндіруші мекемелерге жіберілген. Станцияда 82 мыңға жуық күн батареясы бар. Олар арқылы бір тәулікте шамамен 280-300 мың киловат сағат электр қуаты өндіріледі. Бұл батареялар жасыл энергетикадағы заманауи технологиялармен жабдықталған.
«Бұрынғы технология газ, көмір жағу арқылы электр энергиясын өндіреді. Одан шыққан қалдықтар экологияның бұзылуына себеп болады. Ал технология күн электр энергиясын пайдаланады. Бұл жерде ешқандай зиянды экология жағынан тастандылар шықпайды. Екіншіден, бұл программа жасыл энергетиканы дамытудың бір бастамасы деп есептесек болады», – деді Күн электр станциясы техникалық қызмет көрсету тобының жетекшісі Мұхтар Мәтжанов.
Станцияда өндіріс көлемі күннің энергиясына байланысты. Сондықтан жазда толық қуатымен күніне 50 мегават ток өндіріледі деген жоспар бар. Қазір нысанда жаңаөзендік 14 адам еңбек етуде.
«Маңғыстау – газ, мұнаймен қоса күнге, желге бай жер. Потенциалы өте көп. Соны ескеріп, гибридті электр станцияны салып жатырмыз. Газды, күнді және желді қолданамыз», – деді Гибридті электр станциясы құрылыс жетекшісінің орынбасары Шыңғыс Белгібеков.
Гибридті электр станцияның екінші кезеңі – газ электр станциясының құрылысы жүріп жатыр. Ал жел электр станция келесі жылы бой көтермек.
Оқи отырыңыз: Бастау бизнес: биыл Алматыда 600-ден аса көпбалалы ана білім алды