Марқакөл орманында қоңыр аю фототұзаққа түсіп қалды

Видеодан кадр
Видеодан кадр

Қоңыр аю — Оңтүстік Алтайдағы ең ірі жыртқыштардың бірі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығында орнатылған фототұзақ қоңыр аюды тіркеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қоңыр аю — Оңтүстік Алтайдағы ең ірі жыртқыштардың бірі. Ол негізінен орманды алқаптарды мекендеп, қорек іздеп үлкен аумақты аралай алады. Аюдың рационы өсімдіктер, жидектер мен тамырлардан бастап жәндіктер мен жануар тектес қорекке дейін әртүрлі.

Жабайы аю адамнан әдетте аулақ жүруге тырысады. Сондықтан оның табиғи ортадағы тіршілігін бақылаудың бір жолы — қорық аумағына орнатылған фототұзақтар.

Айта кетейік, Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы Шығыс Қазақстан облысының Оңтүстік Алтай өңірінде орналасқан. Қорықтың аумағы 102 971 гектарды құрайды. Мұнда қоңыр аюдан бөлек марал, бұлан, сілеусін, бұлғын және басқа да жануарлар мекендейді.

Биыл Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының құрылғанына 50 жыл толып отыр. Қорық 1976 жылы Алтайдың бірегей табиғи кешендері мен Марқакөл көлінің экожүйесін сақтау және зерттеу мақсатында құрылған.

Оқи отырыңыз: Қан қысымын төмендетуге көмектесетін жеміс аталды