Марқұм Нұрай Серікбайға қатысты желіде жағымсыз пікір жазған тұрғын жауапқа тартылды

06.08.2026 18:39

Түркістан облысының тұрғынының сөзі көпшіліктің наразылығын тудырған

Әлеуметтік желіде пікір білдіремін деп, сот залынан бір-ақ шықты. Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты жарияланған видеоның астына жағымсыз пікір қалдырған азамат жауапқа тартылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Түркістан облысының тұрғыны TikTok желісінде «72 рет пышақ салар едім» деген пікір жазып, көпшіліктің наразылығын тудырған.

Сондай-ақ марқұмның туған-туыстарының жан жарасын одан әрі ушықтырған. Олар полицияға арызданып, нәтижесінде құқық қорғау органдары пікір авторын анықтады.

Күдіктіге қатысты әкімшілік іс қозғалып, енді оның әрекетіне сот құқықтық баға береді.

«72 рет пышақтау деген – қылмысты дәріптеу. Біз ешқашан қылмысты жарнамаламауымыз керек. Ол кісі бізден қатты кешірім сұрады. Біз кешірім бердік. Соған қарамастан, құқық қорғау органдары өз жұмысын атқару үшін хаттама толтырды. Өйткені Нұрайдың атына кір келтірмеуге тырысамыз. Біз тоқтатпасақ, ешкім тоқтатпайды. Бәріне бірдей тосқауыл бола алмаймыз. Бірақ осындай адамдар жауапқа тартылса, өзгелерге сабақ болады деп ойлаймыз», – деді марқұм Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай.

Айта кетейік, Нұрай Серікбайдың ісіне қатысты мұндай жағдай алғаш рет болып отырған жоқ.

Бұған дейін әлеуметтік желіде марқұмның ар-намысына нұқсан келтіретін жазбалар жариялаған үш адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Қазір тағы екі әлеуметтік желі қолданушысы іздестіріліп жатыр.

Оқи отырыңыз: Үлкен Алматы айналма жолында ақы төлеу тәртібі өзгерді