Алдын ала ақпарат бойынша жол апатының себебі жүргізушілердің жылдамдық режимін және қашықты сақтамауы болды
Алматы-Өскемен тасжолында ірі жол апаты болып, бір мезетте 18 көлік соқтығысты. Соның салдарынан бір адам жеңіл дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, жол-көлік оқиғасына қалың тұман мен жүргізушілердің жылдамдықты асырғаны себеп болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жол-көлік оқиғасы күре жолдың 28-шақырымында болған. Бірнеше автомобиль қақтығысқан оқиғадан зардап шеккендердің бірі - Дәурен Омаров. Ол таңғы уақытта Қонаевтан Алматыға бет алған. «Қалың тұман жол жүруге кедергі болғандықтан жалдамдықты асырмадым» дейді жүргізушінің өзі. Сонда да апаттан айналып өте алмапты.
"Қалың тұман болды. Мен сағатына 60 шақырым жылдамдықпен жүріп келе жаттым. Кенеттен ештеңе көрінбей қалды. Сол кезде 3 метр жерде көлік соғылып тұрғанын байқадым. Барынша қашпақшы болып едім, бірақ рөлге ие бола алмадым", - дейді жүргізуші Дәурен Омаров.
Жаппай жол-көлік оқиғасы болған жерден көліктердің сынықтарын да көруге болады. Мамандардың айтуынша, бұған ауа райының қолайсыздығы, яғни қалың тұман себеп болыпты. Қазіргі уақытта соғылған автокөліктер жол жиегіне шығарылған. Ал күре жол толығымен ашылып, көлік қозғалысы қайта жанданды.
"Алматы-Өскемен тасжолында жол-көлік оқиғасы болуына байланысты жолды ашу жұмысын жүргізіп жатырмыз", - деді Полиция департаменті патрульдік полиция капитаны Жасұлан Рамазанов.
Республикалық маңызы бар күре жол апатқа байланысты бір сағатқа жуық жабық болыпты. полицейлердің жедел жұмысының нәтижесінде көліктер жол жиегіне шығарылған. Сондай-ақ жүруге жарамсыз темір тұлпарларды дІттеген жеріне жеткізу үшін жергілікті эвакуатор жүргізушілері қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырыпты.
Заңгерлердің айтуынша, мұндай жағдайда кінәліні анықтау мен сақтандыру компаниясынан өтемақы алу жұмыстары қалыпты жағдайдан қарағанда күрделі болады. Себебі тексеріс кезінде ең бірінші болып апатқа түскен көлікті анықтау қажет.
"Алдыңғы жағынан соққан көлік өзі кінәлі болатындықтан, сақтандыру жасамайды. Ал екінші көлік тұрған машинаны соққан. Ол көліктің алды соғылғандықтан, оны ешкім жөндемейді. Ал бірінші көлікті екінші көліктің сақтандыруы толық қалпына келтіріп береді. Екінші көлік сол жерде тұр. Үшінші көлік келіп соғатын болса, қай жерінен үшінші көлік соқты, сол жеріндегі келтірілген зақымды жөндеп береді", - деді заңгер Әділетхан Молдахан.
Облыстық полиция департаменті жол апатына байланысты тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
"15 қаңтарда Алматы-Өскемен тасжолында үш жол көлік оқиғасы болды. Апаттың негізгі себебі -жолдағы көрінуді айтарлықтай нашарлатқан қалың тұман. Оқиға бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде. Апат салдарынан бір жолаушы жеңіл дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Өңірлік полиция барлық жол қозғалысына қатысушыларды сақтық шараларды қатаң сақтауға шақырады", - деді Полиция департаментінің ресми өкілі Меруерт Морякова.
Полиция қызметкерлері жолаушылардан сапар алдында құтқару қызметтерінің хабарламалары мен күн райын ескеруді сұрайды.
Олжас Омарбек, Сағынғали Мұңайтпасов, "Алматы" теларнасы, Алматы облысы
Оқи отырыңыз: Алматы-Өскемен тасжолында 24 жолаушы құтқарылды