СҚО-да 15 мыңнан астам қаз қырылды: мамандар себебін анықтады

Қырылған құстар үшін иелеріне өтемақы төленбейді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстан облысының Шаховское ауылында құстардың жаппай қырылу себебі анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сараптама қорытындысы қанаттылардың кокцидиоз деп аталатын паразиттік ауруға шалдыққанын көрсетті. Қыркүйектің басынан бері елді мекенде 15 мыңнан астам қаз қырылған.

Шаховское ауылының тұрғыны Құбар Ахметованың 1200 қазынан екі жүзге жуығы ғана қалған. Оның айтуынша, қалған құстар да ауруға шалдыққан. Белгілері бірдей: құстар аяққа тұра алмай, құлап түседі. Шаруашылығын дамыту үшін бес миллион теңге несие алған тұрғын енді қарызын қалай өтейтінін білмей отыр.

– Қалған екі жүз қаздың бәрі соқыр болып қалған. Тек дыбысқа елеңдейді. Жем жемейді, мойны қисайып, құлап түседі. Бір-бір жарым тәуліктің ішінде өліп қалады. Қанша құс қырылғанын ветеринарларға хабарлап, өлекселерін мал қорымына апарып тастаймыз. Алғашқы күндері 70-80 қаздан тасыдық. Қазір тәулігіне 20-25, кейде 30 қазды апарып тастап жүрміз, – деді ауыл тұрғыны Құбар Ахметова.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, өзге шаруашылықтардағы жағдай да осыған ұқсас. Әсіресе құсты көп өсіретіндер айтарлықтай шығынға батқан. Ресми мәліметке сүйенсек, қыркүйектің басынан бері Шаховское ауылында 15 мыңнан астам құс қырылған.

Ветеринарлар тексеру барысында қауіпті жұқпалы аурулар анықталмағанын айтады. Мамандардың сөзінше, зерттеу нәтижесі кокцидиозды көрсеткен. Бұл – паразиттерден туындайтын ауру.

– Құстарды емдеуге қатысты барлық қажетті кеңес беріледі. Сондай-ақ иелері қора-жайы мен ауласын толық тазартуы керек. Аурудың Шаховское ауылында таралуына үй құстарының жабайы жануарлармен байланысы, сондай-ақ кейбір аулаларда құстың тым көп шоғырлануы ықпал еткен болуы мүмкін. Құсты тиісті құжаттарсыз сатып алу да себеп болуы ықтимал, – деді Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Арман Илюкин.

Ветеринария қызметі 28 қосалқы шаруашылықта құстың қырылуы тоқтағанын мәлімдеді. Алайда тұрғындардың айтуынша, ресми дерек олардың есебімен сәйкес келмейді. Кейінгі кезде тұрғындар өлген құстарын санауды да қойған.

– Ветеринарлар да, жауаптылар да алғашында келетін. Кейін мүлде келмей кетті. Басында қанша құс өлгенін сұрайтын. Бірақ өздері келіп, қарап, санап жатқан жоқ. «Осынша құсым өлді, апарып тастадым» деп өзің айтасың. Болды. Олар соны белгілеп алатын шығар. Ал қазір құсымыз қырылып жатса да, хабарламаймыз. Еш пайдасы болмаған соң, өзіміз апарып тастай береміз, – деді ауыл тұрғыны Нина Пискунова.

Қырылған құстар үшін иелеріне өтемақы төленбейді. Себебі кокцидиоздан келген шығынды өтеу қарастырылмаған. Мамандар қалған құстарды емдеп, санитарлық шараларды жүргізуге кеңес береді.

Шаховское тұрғындары мұндай жағдайға алғаш рет тап болып отырған жоқ. Былтыр да ауылда пастереллез анықталған. Сол кезде тұрғындар тәуелсіз сараптама жасатқан. Оның қорытындысы құс тұмауын көрсеткенімен, жауапты органдар бұл диагнозды растамаған.

Айжан Дайрабай, Петр Акутионов, Almaty TV, СҚО-дан