Медбикелер алғашқы медициналық көмек көрсете алады

23.07.2025 18:27

Бұл – алғашқы медициналық көмекті реформалаудың бір бөлігі

Қазақстанда енді алғашқы медициналық көмекті дәрігерлер ғана емес, медбикелер де көрсетеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Медбикенің рөлі бұрынғыдай тек көмек берумен шектелмейді. Ол өз бетінше шешім қабылдап, белгілі бір санаттағы науқастарды қабылдай алатын маманға айналады. Бұл – алғашқы медициналық көмекті реформалаудың бір бөлігі.

«Пациенттер медбикеге дәрігердің көмекшісі ретінде ғана емес, толыққанды маман ретінде де жүгіне алады. Қабылдауда әлеуметтік және психологиялық тәуекелдерге сауалнама және сәйкестендіру жүзеге асырылады. Одан әрі науқасты объективті тексеру жүргізіледі. Осыдан кейін медбике диагноз қояды, жіктеуішке сәйкес мейірбикелік іс-шараларды жүргізеді, мәлімдемелер жасайды, сондай-ақ дәрігер тағайындаған тегін рецептілер жазады, динамикалық бақылау жоспары бойынша ұсыныстар береді. Осылайша пациенттің маршруты оңтайландырылады», – деді «Республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығы» ШЖҚ РМК директоры Айгүл Қасымова.

Сондай-ақ брифингте учаскелік дәрігерлердің қабылдау уақыты ұзартылатыны айтылды. Демек енді емханаларда дәрігерлер науқасты 6 сағатқа дейін қабылдайды. Айгүл Қасымованың айтуынша, қабылдау уақытының ұзартылуы пациентті мұқият қарап, тиімді ем тағайындауға мүмкіндік бермек.

Айта кетейік, қазіргі таңда 20 млн-нан астам адам алғашқы медициналық көмек ұйымдарына тіркелген. Ел бойынша 600-ден аса мекеме осы бағытта жұмыс істейді. 

 «Бұл науқасты мұқият тексеруге, тиімдірек ем тағайындауға, сондай-ақ динамикалық бақылауды сапалы жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, алғашқы медициналық көмектің маңызды бағыттары - аурудың алдын алу мен ерте анықтауды жүзеге асыруға жол ашады. Екіншіден, пациенттердің емханаларға бару тәртібі қайта қаралып, көмек көрсетуде негізгі басымдықтар айқындалды. Сонымен бірге қабылдаулар енді тірі кезекпен емес, алдын ала белгіленген кесте бойынша жүргізілетін болады», – деді Айгүл Қасымова.

Оқи отырыңыз: Жетісулық дәрігерлер өрттен жеті адамды құтқарды