«Медеу» диспетчерлік пункті 46 жылдан кейін жаңғыртылып, қайта ашылды

t.me/dchs_alm
t.me/dchs_alm

Жаңартылған диспетчерлік пункт Алматыны табиғи қауіптерден қорғау жүйесінің маңызды буынына айналады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің «Медеу» диспетчерлік пункті жаңғыртудан кейін қайта пайдалануға берілді. Нысан Кіші Алматы өзені бассейніндегі табиғи қауіптерді бақылауда маңызды рөл атқарады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қалалық ТЖД хабарлағандай, диспетчерлік пункт мамандары сел және гидрологиялық жағдайды, сондай-ақ көшкін мен қар көшкіні қаупі бар учаскелерді бақылайды. Бұл табиғи қауіптерді дер кезінде бағалап, қажет болған жағдайда қала тұрғындары мен аумағын қорғау шараларын жедел қабылдауға мүмкіндік береді.

Жаңартылған нысанның ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов қатысты.

«Медеу» диспетчерлік пунктінің ғимараты 1980 жылы «Медеу» сел ұстайтын бөгетінің құрылысы аяқталғаннан кейін салынған. Алғашқы жылдары нысан бақылау пункті ретінде пайдаланылған.

Содан бері ғимаратта күрделі жөндеу жүргізілмеген. Осыған байланысты жаңғырту барысында оның техникалық жағдайы жақсартылып, сыртқы қасбеті жаңартылды. Сонымен қатар материалдық-техникалық база күшейтіліп, мамандардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалды.

Пункттің «Медеу» бөгетінің жанында орналасуы Алматының инженерлік қорғау жүйесі үшін ғана емес, қала тұрғындары мен туристер жиі баратын аумақтың абаттандырылуы үшін де маңызды.

Жаңартылған диспетчерлік пункт Алматыны табиғи қауіптерден қорғау жүйесінің маңызды буынына айналады. Мұнда жүргізілетін тұрақты бақылау сел, көшкін және қар көшкіні қаупін ерте анықтап, ықтимал қауіптің алдын алуға бағытталған шараларды уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді.

Іс-шара барысында азаматтық қорғау жүйесін дамытуға және жобаны іске асыруға үлес қосқан сала мамандары мен кәсіпкерлер ведомстволық медальдармен және алғыс хаттармен марапатталды.

Оқи отырыңыз: МӘМС-те 4 млрд теңге негізсіз төлемдердің алды алынды - Үкімет