Бұл – 2030 жылға дейін жүзеге асырылатын үш кезеңнен тұратын ауқымды жоба
Алматы жыл бойы жұмыс істейтін тау туризмі орталығына айналуы мүмкін». Бұл туралы шаһарда өткен Алматы тау кластері мен «Almaty Superski» жобаларын талқылауға арналған бірлескен отырыста айтылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жиында заманауи жыл бойғы инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған екі ірі бастама таныстырылды. Мәселен, шаһарда тау кластерін дамытудың кешенді тұжырымдамасы шеңберінде 30-ға жуық аспалы жол тартылып, ұзындығы 151 шақырым шаңғы трассаларын салу көзделген. Бұдан бөлек, табиғат аясындағы белсенді демалысты дамыту үшін хайкинг бағыттарын ұлғайтып, веложолдар желісін кеңейту де жоспарланып отыр. Сонымен қатар таулы аумақтарда туристер қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірыңғай жүйе енгізілмек.
Бұл – 2030 жылға дейін жүзеге асырылатын үш кезеңнен тұратын ауқымды жоба. Жоспар аясында шамамен 100 шақырымға созылатын аспалы жолдар салынады. Сонымен қатар қажетті инфрақұрылым толықтай қамтылады. Сондай-ақ жоба жүзеге асқан кезде шамамен 15 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының дамуына үлкен үлес қосады», – деді қоғамдық кеңес мүшесі Ермек Қожамсүгіров.
Бірлескен кеңес отырысында «Almaty Superski» жобасы да таныстырылды. Жаңа курорт Көкжайлауда салынады. Жоба авторларының айтуынша, бұл қаланың туристік тартымдылығын арттырады. Осылайша, 1022 гектар аумақта халықаралық стандарттарға сай тау-шаңғы курортын ашу жоспарланған. Оның ішінде 17 аспалы көтергіш, 70 шақырым шаңғы трассалары мен 20 гектар жерге туристік қалашық салу көзделіп отыр. Аспалы жолдар Медеу, Көкжайлау және Құмбелді жалғайды.
«Алдағы үш жыл ішінде жаңа тау кластерін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл кешен жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін болады. Қыста туристер шаңғы теуіп, қысқы демалыстың қызығын көрсе, жазда Алатаудың әсем табиғатын тамашалай алады. Сондай-ақ бұл өңірге инвестиция тартуға да үлкен серпін береді», – деді Almaty Tau management компаниясының басқарма төрағасы Жан-Пьер Барало.
Оқи отырыңыз: Ата Заңдағы жаңа мәртебе: адвокаттардың құқығы күшейтілмек