Медициналық білім реформасы: Қазақстанда дәрігер даярлау моделі қандай болмақ

03.05.2026 14:17

Жаңа жүйе 2026 жылдан бастап оқуға түсетін талапкерлерге арналған

Аlmaty.tv

Қазақстанның денсаулық сақтау саласында үлкен өзгерістер күтіп тұр. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова дәрігерлерді даярлаудың жаңа моделін таныстырды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Министрдің айтуынша, бұл реформа медициналық білімнің сапасын арттырып, жас мамандардың еңбек нарығына ертерек араласуына жол ашпақ.

2026 жылдан бастап не өзгереді?

Жаңа жүйе 2026 жылдан бастап оқуға түсетін талапкерлерге арналған. Енді дәрігер болу жолы «6 жыл университет + 1 жыл интернатура» формуласы бойынша өрбиді. Оқуды аяқтаған түлек диплом алып, бірден еңбек жолын бастай алады.

Реформаның басты жаңалығы – «дәрігер-интерн» мәртебесінің енгізілуі. Бұл кезеңдегі маман жай студент емес, белгілі бір жауапкершілігі мен нақты практикалық дағдылары бар кәсіби кадр ретінде қарастырылады. Оқу бітірген соң жас дәрігерлерге екі түрлі таңдау беріледі:

  • Дәрігер ретінде бірден жұмысқа кірісу (тек емханаларда ғана емес, стационарлық деңгейде де);
  • Резидентурада оқуын жалғастырып, тар бейінді мамандық алу.

Айта кетерлігі, жаңа жүйе бойынша алғашқы мамандар нарыққа 2033 жылы шығады деп күтілуде.

Қазіргі студенттерге реформаның әсері қандай?

Министрлік қазіргі уақытта білім алып жатқан студенттер үшін оқу мерзімі мен мансаптық траектория бұрынғы шарттар бойынша сақталатынын мәлімдеді:

  • 2021 жылы түскендер: Бұрынғы жүйемен оқуын жалғастырады. 2027 жылы интернатураны бітірген соң емханада жұмыс істеуге немесе резидентураға түсуге құқылы.
  • 2022-2025 жылдары түскендер: Бұл санаттағы студенттердің оқу мерзімі 6 жылды құрайды, бірақ олардың бағдарламасында практикалық сағаттар мен интернатураның көлемі айтарлықтай арттырылған. Олар медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде қызмет ете алады.

Жаңа модельдің басымдықтары

Денсаулық сақтау министрлігі бұл қадамның медицина саласы үшін маңызы зор екенін айтады. Ең алдымен, оқу барысында практикаға бөлінетін уақыт ұлғайып, дәрігерлердің кәсіби даярлық деңгейі артады.

Екіншіден, бұл жүйе икемділігімен ерекшеленеді. Жас маманның ертерек жұмыс істей бастауына немесе клиникалық тәжірибе жинақтай отырып, өз бағытын еркін таңдауына мүмкіндік береді. Осылайша, жаңа модель теория мен практиканың арасындағы алшақтықты жойып, кадр тапшылығы мәселесін шешудің тиімді тетігіне айналмақ.

Жаңа модельдің негізгі артықшылығы — базалық және клиникалық практиканың ұлғаюы, дәрігерлерді даярлау сапасының және медициналық көмектің тиімділігінің артуы.

Оқи отырыңыз: Халықаралық рейстер: Қазақстанда әуежайларға қойылатын талаптар жаңарды