«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға өзгеріс енгізілді
2026 жылдан бастап МӘМС жүйесіне кемі 5 жыл бойы тұрақты жарна төлеген азаматтардың мәртебесі төлем уақытша тоқтаған жағдайда 6 ай бойы сақталады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Алматы қалалық филиалының мәліметінше, мұндай өзгерістер «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға енгізілді. Келесі жылдан бастап МӘМС жүйесіне кемінде 5 жыл қатарынан жарна төлеген адамдар жұмыссыз қалса да, жарты жыл тегін медициналық қызмет ала алады.
— Бұл өзгерістер жұмысынан айырылған немесе уақытша қаржылық қиындықтарға тап болған тұрғындардың медициналық көмектен қағылмауын қамтамасыз етеді. Бірақ табыс тұрақтанғаннан кейін төленбеген айлар үшін берешекті өтеу қажет болмақ, — деді МСҚ Алматы қалалық филиалының директоры Ілияс Мұхамеджан.
Қазір қолданыстағы нормаға сәйкес, төлемдер тоқтаған жағдайда сақтандырылған мәртебесі 3 ай сақталады.
Оқи отырыңыз: «Наурыз» бағдарламалары: ипотекаға 200 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды