Мемлекетке 4,5 миллиард теңгеден астам шығын келтірген күдікті Грузиядан елге жеткізілді
Мемлекетке 4,5 миллиард теңгеден астам шығын келтірген күдікті Грузиядан елге жеткізілді. Тергеу мәліметінше, ол ауруханаларға медициналық құрал-жабдық жеткізу тендерлеріне қатысу үшін отандық тауар өндіруші ретінде заңсыз тіркелген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алайда техниканы Қазақстанда шығармай, шетелден әкелінген бөлшектерден құрастырып, отандық өнім ретінде сатып келген. Құйтырқы әрекеттерінен кейін күдікті шекара асып, ізін жасырмақ болған. Құзырлы орган оны халықаралық іздеуге жариялаған. Биыл наурызда ол Грузияда ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша елге экстрадицияланған.
«Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды. Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Еске сала кетейік, жыл басынан бері Грузиядан 7 адам экстрадицияланды, олардың бесеу ақша жымқыру дерегі бойынша іздеуде болған», – деді ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Ерлан Жанпейісов.
Оқи отырыңыз: Қостанайда қарт кісінің өліміне қатысты күдікті қамауға алынды