Бір күнде 94 адам келіп, 60 тұрғын қан тапсырды
Алматыда өткен донорлық акциясы аясында рекордтық нәтиже тіркелді. Бүгінгі «Мейірімділік эстафетасына» бір күнде 94 адам келіп, 60 тұрғын қан тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Дәрігерлердің сөзінше, медициналық мекемелерде қан мен оның компоненттеріне сұраныс жоғары. Мамандар «донорлық қордың тұрақты толығуы – көптеген науқастың өмірін сақтап қалудың кепілі» дейді.
«Қан орталығында қанға, донорларға тапшылық болса, медицина мекемелер қаннан жасалатын дәрі-дәрмек пайдаланады», – деді Алматы қалалық Кардиология орталығының директоры Ермағамбек Қуатбаев.
Биыл Денсаулық сақтау министрлігі ақпанды донорлық айы деп жариялады. Содан бері барлық өңірде қан тапсыру акциялары жиіледі. Мамандардың сөзінше, денсаулығы жақсы кез келген азамат өз еркімен донор бола алады. Іс-шара қан тапсыру үрдісінің қоғамға маңызын түсіндіруді мақсат етіп отыр.
«Акцияны естіп,өз еркіммен донор болғым келді. Дәрігерлер қан тобымды қарады, денсаулығымды көрді. Қан қысымымды өлшеп, донор болуға жіберді. Бірінші рет тапсырып жатырмын, қорқыныш болды, бірақ өзімді жақсы сезініп тұрмын», – деді қала тұрғыны Айжан Кенжебек.
Оқи отырыңыз: Avtobys: Алматыда қоғамдық көліктерге бірыңғай төлем жүйесі енгізіледі