Платформа алматылықтарға жол ақысын төлеудің бірнеше тәсілін ұсынып отыр
Алматыдағы қоғамдық көліктерге Avtobys атты жаңа бірыңғай төлем жүйесі енгізіледі. Жауапты мамандардың мәліметінше, жаңашылдық жолақыны бірнеше тәсілмен төлеуге мүмкіндік беріп, қызмет сапасын арттырмақ, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматыда ресми деректерге сәйкес, 687 мыңнан астам көлік құралы тіркелген. Ал күн сайын қалаға өзге өңірлерден кіретін темір тұлпарларды есепке алғанда, мегаполис көшелерінде тәулігіне 1 миллионға жуық көлік жүйткиді. Мұндай жүктеме жол қозғалысын күрделендіріп, кептелістердің жиілеуіне себеп болуда. Сол себепті шаһарда қозғалысты оңтайландырудың тиімді тетіктері енгізіліп жатыр. Осы мақсатта шаһарда жүктемесі жоғары қиылыстарда бағдаршамдардың жұмыс режимін өзгертуге бағытталған пилоттық жоба іске қосылды. Жаяу жүргіншілер мен көлік құралдарына арналған құрылғының фазалары бөлек реттеле бастады. Жаңа тәсіл қозғалысты кезекпен ұйымдастырып, жолдағы тәртіп пен қауіпсіздікті күшейтуді мақсат етеді.
«Алматыда жаяу жүргіншілерге арналған жеке қозғалыс фазалары кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Бағдаршам жасыл жанғанда барлық бағыттағы жаяу жүргіншілер өтеді. Сәйкесінше тұрғындарға қызыл жанғанда барлық көлік құралдары қозғалысын жалғастырады. Бұл шаралар жол-көлік оқиғалары, оның ішінде жаяу жүргіншілерді қағып кету фактілерін азайтады. Қазір бұл 6 көше мен даңғылдардың қиылыстарында іске асырылды», – деді Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының бөлім басшысы Руслан Асқаров.
Алматыда іске асырылып жатқан тағы бір маңызды бастама – қоғамдық көліктерде Avtobys бірыңғай жолақы төлеу жүйесінің қолданысқа енгізілуі. Жаңашылдық бүгінде Қазақстан мен Қырғызстанның 24 қаласында қолданылып келеді. Мамандардың айтуынша, бұл платформа алматылықтарға жол ақысын төлеудің бірнеше тәсілін ұсынып отыр.
«Алматыда жұмысымызды бастап жатырмыз. Бірінші автобустарға керекті жарақтарды қондырумен айналысып жатырмыз. Бұл жүйенің артықшылығы төлем тәсілдері кеңінен тараған. Банк карталары, мобильді операторлардың қосымшалары арқылы жол ақысын төлеуге болады», – деді жабдықтаушы компанияның директоры Ғалымжан Шәріпбаев.
Сонымен қатар, жаңадан енгізілетін төлем жүйесі арқылы жолаушылар қоғамдық көліктің қозғалысын нақты уақыт режимінде қадағалап, өз бағытын алдын ала жоспарлай алады. Мамандардың айтуынша, аталған платформа билетсіз жүру деректерін азайтады.
Мәди Мәлік. Ернат Болатбек. Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Қазақстанда көлік әкелу тәртібіне өзгерістер енгізілмек - сарапшы пікірі