Мектеп формасын алып қойып ек: марқұмның анасы баласын қағып кеткен жүргізуші тиісті жазасын алғанын талап етті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда бауыр еті баласынан айырылған ана ұлының өліміне кінәлі адамның заң алдында жауап беруін талап етіп отыр. Қара жамылған отбасы бүлдірген теруге кеткен Наиль Шарафутдиновты қағып, жазым еткен жүргізуші жазадан құтылып кете ме деп қорқады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қайғылы жағдай 1 тамызда сағат 15:00  шамасында болған. Анасының сөзінше, бала қара бүлдірген теріп жүрген. Сол кезде қатты жылдамдықпен келген көлік оны қағып,  бір метрге дейін сүйреп әкеткен.

 «Мен у-шу болып жатқанын ести сала бірден оқиға орнына келдім. Келген бойда баланың тамыр соғысын, тынысын тексердім. Сол кезде оның жүріп кеткенін білдім. Қасымда бір жігіт темекі тартып тұрды. Одан сен қақтың ба деп сұрадым. Ол білмеймін деп жауап берді. Кейін, мына камераны тексергенде жеткіншекті қаққан әлгі жігіт екен», – деді куәгер Светлана Айсарова

Оқиға болған жерге жеткен тұрғындар дереу жедел-жәрдем шақырып, баланың ата-анасына хабар берген. Бірақ 12 жастағы Наиль Шарафутдиновты аман алып қалу мүмкін болмапты. Ауыр соққыдан жеткіншек сол жерде жан тапсырған.

«Жол апатының болғанын естігенде, сене алмадым. Жай ғана тиіп кеткен шығар деп ойладым. Келсем, адамдар жиналып тұр. Ұлымның басынан көп қан кеткен. Қатты қорқып кеттім. Баламның сол кездегі түрі әлі есімнен кетпейді. Қатты жылдамдықпен қаққаны көрініп тұр. Түгі қалмапты, оның кеткеніне сене алар емеспін. Күнде осы жерге келемін. Сағынамын», – деді марқұмның анасы Аниса Кноль.

Марқұмның анасы ұлын қағып, жазым еткен жүргізушінің байқуатты отбасынан шыққанын айтады. Сәйкесінше, оның жазадан оңай құтылып кетуі де ғажап емес. Сондықтан құзырлы орган қызметкерлерінен әділ әрі ашық тергеуді талап етіп отыр. Ал Алматы қалалық Полиция департаменті көлік иесінің қамауда екенін айтты.

«Алматы қалалық Полиция департаменті анықтау басқармасында Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Яғни, адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды.  Барлық процессуалдық әрекеттер жүзеге асырылуда», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Қапияда сап-сау баласынан айырылған ананың көз жасы әлі күнге дейін құрғамаған. Өткен аптада ғана ұлыммен қолтықтасып дүкен аралап, мектеп формасын таңдап едік деп қайғыра еске алады. Қара жамылған отбасы істің заңды түрде шешілгенін қалайды.

Диана Тұрлыбек, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Алматы қаласы Әуезов ауданында Яссауи көшесінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі

Новости партнеров