Мектеп оқушыларының тегін тамағына бөлінген қаржыны қайта қарастыруды ұсындық - депутат

09.02.2026 20:02

Халық қалаулысы қосылған құн салығын ескере отырып, тарифтерді шұғыл түрде қайта қарауды талап етеді

«Мектеп оқушылары тегін тамақтан қағылып қалуы әбден мүмкін». Мұндай ойды мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова айтты, деп хбарлайды Almaty.tv.

Сөзінше, елдегі білім ошақтарында балаларды тегін тамақтандырудың жаңа стандарты енгізілгенімен, оған тиісті қаржылық қолдау көрсетілмей отыр. Салдарынан астың сапасы төмендеп, кәсіпкерлер шығынға ұшырауы мүмкін. Халық қалаулысы қосылған құн салығын ескере отырып, тарифтерді шұғыл түрде қайта қарауды талап етеді. Ол бұл мәселе бойынша Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына сауал жолдағанын жеткізді. Тіпті өңірлерге арнайы барып, жағдайды зерделеген.

Оның айтуынша, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола және Қостанай облыстарында мәселе шешімін тапқан. Ал өзге өңірлерде жағдай өзгермеген.

«Биыл оқу жылына мемлекет тарапынан балалардың мектеп оқушыларының тегін тамақтануына 192 миллиард теңге бөлінді. Жаңағы бөлінген қаражатты қайтадан қарастыруды ұсынып отырмыз. Яғни, салыққа, ҚҚС-қа бөлген қаражатты индексацияға бағыттауды ұсынып отырмыз», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Екатерина Смолякова.

Оқи отырыңыз: Алматы жастар арасындағы ел чемпионатында көш бастады