Мектептегі әлімжеттік: ақпаратты жасырған мектеп ұжымына қандай жаза қолданады

Кемертоған мектеп ұжымы Қарасай ауданына қарасты білім бөліміне де тіс жармаған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

"Мойныңды тіліп, видеоны таратып жіберемін". Жоғарғы сынып қыздарынан әлімжеттік көрген оқушының анасы Кемертоған мектебінің бар былығын жайып салды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бейнематералда Кемертоған мектебінің жоғары сынып оқушылары қызды қорлап жатқанын көруге болады. Олар «видеоны желіге салып, масқараңды шығарамыз» деп ақша бопсалаған. Сол күннен бері зардап шеккен қыз психологиялық қысымға ұшыраған.

"Суицидке баруы мүмкін.  Қызым 25 күн ешкімге айтпаған. Қызым айта алмайды, неге директордың орынбасары айтпайды? Директор неге шақырмайды? Оның да іздеуі бар ғой. Қараңғыда қорық қалған, апармаған жерім жоқ. Мектепке күніне бірнеше рет келдім.  Ешкім ештеңе айтпады", – деді жәбірленушінің анасы әйгерім Құлмамбетова.

«Қорлық көрдім» деген қыз құқығы тапталып, өмір сүргісі келмейтінін айтты. Мектеп әкімшілігі де «ешкімге айтпа» деп істі жылы жаба салғысы келген көрінеді. Ал әлгі соққы жасап, видеоға түсірген оқушылар тайраңдап мектепке келіп жүр. Не полиция, не білім бөлімі шара қолданбаған.

"Инспектор шақырып бердім. Раисаның видеосын инспекторлар көрді, біз де көрдік. Иә менің қателігім видеоны мамасына жібермедім", – деді Кемертоған орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Балнұр Өтеғұлова

Сұмдық жағдайды жылы жапқысы келген оқу ордасы Қарасай ауданына қарасты Білім бөліміне де тіс жармаған. Қыздың апасын шақырып, анасы білмей тұрғанда келісімге келейік деп үгіттеген. Ал зардап шеккен қызға «видеоны өзгелерге көрсетсең, есепке аламыз» деп қорқытқан.

"Мектеп әкімшілігі видеоны көргеннен кейін, ішкі істер басқармасын шақырдық. Құзырлы мекеме шешім шығарар", – деді Кемертоған орта мектебінің директоры Дархан Нақысбеков.

"Мектеп әкімшілігіне шара қолданамыз. Біріншіден,  уақытында хабарламаған, екіншіден, құқықбұзушылықты ювеналды полиция инспекторлары шара қолдануы керек", – деді Қарасай аудандық білім бөлімінің заңгері Асхат Игибаев.

Шуды енді білген білім бөлімінің заңгері «бәрін қалыпқа келтіреміз» деп уәде етті. Бірақ нақты қандай жаза қолданарын әзірге ашып айта алмады. Ал арызданған ата-ана іске қатысы бар оқушылар мен мектеп қызметкерлердің білім ордасынан кетуін талап етті. Олар Алматы облыстық прокуратурасы мен жауапты министрлікке арыз қалдырмақ.

Әлібек Шынтемір, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Қоғамдық орындарда түкірген адамдардың видеосы жарияланды

Новости партнеров