Мемлекет басшысы мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттады

«Алматы әуендері» ұжымының көркемдік жетекшісі Александр Беляковқа «Қазақстанның халық әртісі» атағы берілді 

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанның мәдениет майталмандары марапат төрінен көрінді. Ақордада өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық өнер мен мәдениетті дамытуға сүбелі үлес қосқан 100-ден аса қайраткерге мемлекеттік награда табыстады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық болмысты ұлықтап жүрген зиялы қауым өкілдеріне награда тапсырып, олардың шығармашылығына құрмет көрсетті.  «Өнер мен мәдениетті дамыту – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі» деген Президент театр мен музейлерді жаңғырту, ұлттық мұраны цифрландыру, сәулет пен әдебиет саласына қолдау көрсетудің алдағы нақты бағыт екенін айтты.

«Театрлардың көпшілігі толық жаңғыртуды қажет етеді. Кейбіріне жаңа ғимарат керек. Осы жұмысқа кәсіпкерлер мен меценаттарды жұмылдырған абзал. Бұл – әлемде кең таралған тәжірибе. Мұндай жобаларға инвестиция салуға дайын азаматтар аз емес», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Салтанатты жиында «Парасат», «Құрмет», «Достық» ордендері, «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдары, сондай-ақ «Қазақстанның халық әртісі» және «Еңбек сіңірген қайраткері» сынды жоғары марапаттар руханияттың әр саласында қажырлы еңбек етіп жүрген азаматтарға табысталды. Бұл қатарда Базарбек Атығаев та бар. Ол – мәдениеттанушы, телерадиосаладағы тәжірибелі менеджер, бүгінде «Almaty» телерадиокомпаниясы бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарады. Қазақтың музыкалық мұрасын сақтау мен дәріптеу ісіне сүбелі үлес қосып жүрген азаматқа «Құрмет» ордені табысталды.

«Мәдениет саласында ұлт мұраты, ұрпақ қамы жолында атқарылатын көптеген істер бар. Сол істердің басы-қасында болу және Абай айтады ғой «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді» деп, ұзақ жылдарға созылған сол жұмыстардың нәтижесі. Сол жұмыстарда жеткен жетістіктер үшін берілген марапат деп қабылдау керек», – деді «Almaty» телеарнасы бас директорының бірінші орынбасары Базарбек Атығаев.

Сонымен қатар, марапат иелерінің қатарында белгілі дирижер, «Алматы әуендері» ұжымының көркемдік жетекшісі Александр Беляков та бар. Өнер жолына өмірін арнаған қайраткерге «Қазақстанның халық әртісі» атағы берілді. Ал биылғы марапаттардың ең жоғарысы – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы халық әнінің бұлбұлы Қайрат Байбосыновқа табысталды. Сөз соңында қоса кетейік, салтанатты жиында ұлттық мұраларды ЮНЕСКО тізіміне енгізу, дәстүрлі өнерді халықаралық деңгейде насихаттау секілді жаңа бастамалар да ұсынылды.

Мәди Мәлік

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы: Біз – Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз

Новости партнеров