Мемлекет басшысы әскерилерді марапаттады

Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиында сардарлар мен сарбаздарды Отан қорғаушы күнімен құттықтады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Даулы мәселенің бәрін саяси диалог арқылы шешу керек. Бұл – Қазақстанның мызғымас ұстанымы. Дегенмен қамсыз отыруға болмайды. Армиямыз кез келген сәтте өз міндетін орындауға сақадай сай тұруға тиіс». Ақордада әскерилерді марапаттаған Мемлекет басшысы осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиында сардарлар мен сарбаздарды Отан қорғаушы күнімен құттықтады. Мереке күндері елге қорған болып жүрген азаматтарға құрмет көрсету, Отан үшін от кешкен аға буынның рухына тағзым ету, олардың жанқиярлығы мен өшпес ерлігін ұрпақтың жадында жаңғырту дәстүрге айналғанын атап өтті.

 «Қазақ сарбазы қай кезде де елін қорғай білген. Жерінің шетіне жау тисе, жұдырықтай жұмылып бір тудың астынан табылған. Биыл Жеңіске 80 жыл толып отыр. Адамзат тарихындағы осындай сұрапыл соғыс барша елдер үшін үлкен сынақ болғаны сөзсіз. Майданға 1 миллион 200 мыңнан астам азаматымыз аттанды. Олардың жартысы ұрыс даласынан оралған жоқ. Тыл еңбеккерлері күн-түн демей тер төкті. Осылайша халқымыз Жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Жеңіс мерекесі ерен ерлікті паш етеді. Сондай-ақ бейбіт өмірдің, бірлік пен ынтымақтың маңызын ұғындырады. Жеңіс күні арқылы ұрпаққа берілетін ең басты тағылым – осы», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент мемлекет Қарулы күштердің әлеуетін нығайтуға айрықша мән беріп отырғанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев «Былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясын алғаш рет дербес орындауға кіріскеніміз халықаралық қауымдастықтың Қазақстан армиясына сенімі жоғары екенін көрсетеді» деп атап өтті. Жиын соңында Президент әскери қызметшілерге, құтқарушылар мен күштік құрылым қызметкерлеріне жоғары мемлекеттік наградалар мен сыныптық шендер табыс етті.

 «Отан қорғаушылар күніне орай, Жеңіс күніне орай Ақордаға келіп, Жоғарғы Бас қолбасшының қолынан вице-адмирал шенін алып отырмын. Ол үлкен жауапкершілік деп ойлаймын. Әскери теңіз күштері әрдайым өзінің алдына қойған тапсырмаларды орындауға дайын», – деді Әскери теңіз күштерінің бас қолбасшысы Серік Борамбаев.

Оқи отырыңыз: Ұлы жеңіс: 80 жыл коллекциялық монеталары айналымға шығады

Новости партнеров