Мемлекет басшысы Астанада Халықаралық экология саммиті өтетінін айтты

20.01.2026 19:23

Мемлекет басшысы Қызылорданың даму қарқынына оң баға берді

Almaty.tv

Сыр өңірінде Ұлттық құрылтайдың бесінші басқосуы өтті. Қоғам мен биліктің арасына алтын арқау болған алқалы жиында елдің еңсесін тіктейтін, ертеңін айқындайтын өзекті мәселелер қозғалды. Оның ішінде мәдениет пен өнер, білім мен ғылым, экология мен саяси жүйеге қатысты тың тақырыптар көтерілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Құрылтай мінберінде елдік мүддені ту еткен ұсыныстар айтылды. Маңызы айрықша жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр өңірінің әлеуметтік-мәдени, экономикалық һәм рухани ахуалына арнайы тоқталды. Қызылорданың даму қарқынына оң баға берді. Былтыр аймақтың ішкі жалпы өнімі 6,5 пайызға өскен. Үш жылда облысқа 2 трлн теңге инвестиция тартылған. Сыр бойындағы серпін — ел еңсесінің биіктегені.

«Біз аймақтарды жиі аралаймыз. Қызылорданың даму бағыты салыстырмалы түрде өте жақсы. Соңғы 1-2 жылдың өзінде қаншама нысан салынды. Жаңа әуежай, стадион, теннис орталығы демеушілердің ақшасына салынып жатыр», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі Мақсат Толықбай.

Қоғамның санасы серпілмей, жасалған реформа жалаң күйінде қалады. Бұл – бұлжымас шындық. Сол себепті руханияттың жүгі ауыр, жауапкершілігі бөлек. Ұлттық құрылтай мінберінде Мемлекет басшысы осыны қадап айтты. Рухани кеңістікті кеңейтуге, елдің еңсесін, ұлттың жадын жаңғыртуға бағытталған бұрын-соңды болмаған ауқымды шаралар қолға алынатынын жеткізді. Ұлттық цифрлық мұра қорын құру бастамасын қолдады. Сондай-ақ мемлекеттік рәміздерді қадірлеуге қатысты да сөз қозғады. Бұл мәселе арнайы нормалармен және ережелермен реттеленін жеткізді. Жиында айтылған жаңашылдықтар туралы спикерлер саралап, өз ой-ұстанымын да қоса білдірді.

«Көңіліме қонғаны бүкіл елдің күтіп жүрген саяси өзгерістері. Вице-президенттік лауазымның тағайындалуы, елдегі конституциялық заңдарға өзгеріс енуі, Конституциялық кеңестің құрылуы – елдегі саяси өзгерістерге жаңа леп, жаңа толқын беретін жағдайлар», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі Ермұрат Бәпи.

«Біріншіден, халықтың мүддесін ойлайды. Әрі қарай қарқынды дамуға жол ашады. Бәріміз қуаныштымыз!» – деді «Республикалық спорт колледжі» РМҚК директоры, ұлттық құрылтай мүшесі Ислам Байрамуков,

«Қызылордаға табан тіреп тұрып, Аралды айналып өту - ар алдындағы қиянат. Оның тағдыры - бір өңірдің емес, елдің мұңы болуға тиіс». Мемлекет басшысы алдағы сәуірде Астанада халықаралық экология саммиті өтетінін айтты. Сол жиында Аралды құтқару қорына мүше елдердің басшыларымен теңіздің тағдыры тағы да таразыға түседі. Кіші Аралдың қайта еңсе тіктеуі - күллі Сыр бойының келбетін көркейтіп, тіршілігіне жан бітіреді деген үміт бар. Бұдан өзге алдағы екі жылда 100-ден аса мәдениет ошағы жөнделмек. Білім-ғылым саласына да қомақты инвестициялар тартылады. Ал қазақтың ұлы ақыны Абайдың қара сөздерін ЮНЕСКО-ның әлем мұралары тізіміне енгізу жұмыстары атқарылады.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Ұлттық цифрлық мұра қорын құру бастамасын қолдады