Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X құрылтайында Конституцияның ел тәуелсіздігін нығайтудағы және Әділетті Қазақстанды қалыптастырудағы рөліне тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, биылғы құрылтай тарихи кезеңде, Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында өтіп отыр. Осы уақыт ішінде ел біртұтас ұлт ретінде мемлекеттіліктің берік негізін қалыптастырып, көптеген маңызды белесті еңсерді.
Мемлекет басшысы соңғы жеті жылда ауқымды реформалар жүзеге асырылып, қоғам өмірінің барлық саласында түбегейлі өзгерістер болғанын атап өтті. Соның маңызды нәтижелерінің бірі – елдің негізгі құжаты Конституцияның қабылдануы.
«Мазмұны айрықша Конституция Әділетті Қазақстанды құру ісіне заң тұрғысынан жол ашты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Конституцияға сәйкес мемлекеттің басты міндеті – елдің тәуелсіздігі мен егемендігін, аумақтық тұтастығын, азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтарын қорғау екенін айтты. Сондай-ақ Тәуелсіздікті сақтау мен нығайту әр азаматтың қасиетті борышы екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы қазіргі халықаралық жағдайдың күрделене түскеніне де назар аударды. Оның пікірінше, әлемдегі саяси, экономикалық және идеологиялық шиеленістер жағдайында ел бірлігін бекемдеп, ортақ мүдде жолында күш біріктіру маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев егемендікті нығайту халықтың әл-ауқатын арттырумен, жаңа технологияларды меңгерумен, заң мен тәртіпті құрметтеумен, еңбекқорлық және табиғатқа жанашырлықпен тікелей байланысты екенін атап өтті.
Сонымен қатар Конституцияда білім мен ғылымды, инновацияны және адам капиталын дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеттері ретінде бекітілгенін айтты.
Президент еліміздің негізгі құжатында Қазақстанның терең тарихы, ұлттық болмысы мен болашақтағы даму бағыты көрініс тапқанын жеткізді. Сондай-ақ мемлекеттік тіл – қазақ тілінің конституциялық мәртебесі нақты айқындалғанын атап өтті.