Президент: Конституцияда «Тәуелсіздік» пен «Егемендік» ұғымдары бас әріппен жазылады

10.11.2026 12:39
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X құрылтайында қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі, қоғамдағы қолданыс аясы және болашағы туралы айтты. Президент Конституцияда «Тәуелсіздік» және «Егемендік» сөздерінің бас әріппен жазылуының символдық мәніне тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция мәтінін әзірлеуге өзі де тікелей қатысып, әр сөзі мен бабына ерекше назар аударғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл – ең алдымен азаматтық парыз.

Мемлекет басшысы негізгі заңның халқымыздың дүниетанымына және озық заңнама талаптарына сай әзірленгенін атап өтті. Бұл жұмысқа білікті заңгерлермен қатар, филология саласының ғалымдары мен қазақ тілі мамандары да атсалысқан.

Президент қазақ тілін Тәуелсіздіктің мызғымас символы, мемлекеттің тілі және ұлттың рухани негізі ретінде қабылдау қажеттігін айтты. Сондай-ақ мемлекеттік тілге құрметпен қарау әр азаматтың азаматтық әрі адами борышы екенін жеткізді.

«Мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді. Бұл – ақиқат», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент білім беру саласындағы қазақ тілінің қолданысына да тоқталды. Оның мәліметінше, биыл бірінші сыныпқа барған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданған. Сонымен қатар колледждер мен жоғары оқу орындарында қазақ бөлімдерінің саны артып келеді.

Мемлекет басшысы қазақ тілінің кітап басу, кино және музыка индустриясындағы қолданысы кеңейіп келе жатқанын атап өтті. Былтыр жарық көрген 6 мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылған. Ал биыл Қазақстанда түсірілген 71 фильмнің 63-і ана тілінде жарық көрген.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің халықаралық деңгейде танылуына үлес қосып жүрген отандық өнер және ғылым өкілдерін де атап өтті. Олардың қатарында әнші Димаш Құдайберген, актриса Самал Еслямова, шахматшы Бибісара Асаубаева, сумошы Ерсін Балтағұл және Higgsfield AI стартапының жетекшісі Ерзат Дулатов бар.

Президенттің айтуынша, мұндай азаматтар Қазақстанның мәдениетін, руханиятын және зияткерлік әлеуетін әлемге танытып, елдің рухани елшілеріне айналып отыр.

Мемлекет басшысы қазақ тілінің болашағына қатысты күмәнді көзқарастан арылып, оның дамуына сеніммен қарау керектігін айтты. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру маңызды екенін жеткізді.

Толық көрсету