Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдіктерге «Дала орманы» жобасына қолдау білдіруді тапсырды

Almaty.tv
Almaty.tv
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдіктерге «Дала орманы» жобасына қолдау білдіруді тапсырды. Мұны Президент Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X құрылтайында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

«Осы орайда, Ұйым қолға алған тағы бір маңызды бастаманы атап өткім келеді. Маған кеше «Қазақ тілі» қоғамының басшысы Рауан Кенжеханұлы «Дала орманы» деген жақсы жобаны таныстырды. Бұл ұйым бір жылдың ішінде серіктестерімен бірге 400 гектар жерге 5 миллион тал еккен. Осы жұмыстың нәтижесінде еліміздің үш облысында 4 үлкен орман питомнигі құрылған. Енді оның ауқымын одан әрі кеңейту керек. Әр ауылдың маңынан 25, аудан орталығының қасынан 50, ал үлкен қалалардың маңайынан 100 гектардан көшеттер өсіретін саябақтар ашу жоспарда бар екен.

Мен мұны толық қолдаймын. Дұрыс бастама. Үкімет пен әкімдіктер де бұл жұмысқа атсалысуы қажет.

Осы жобаның арқасында Қазақстандағы орман алқабын 14,5 миллион гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік туады. Бұл «Қазақ тілі» ұйымының «Таза Қазақстан» жобасына қосқан нақты үлесі болмақ.

Қазақтың даласы орманға айналмайды деп кім айтты?! Орманды өсіру де, даланы жайнату да біздің қолымыздан келеді. Сондықтан «Дала орманы» жобасын сапалы жүзеге асыру өте маңызды. Бәріміз қолдайық», - деді Президент.

Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халықтық құрылыс» алдағы үш жылда елдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға серпін береді